- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Өзбекстанға бару жеңілдейді...
Өзбекстанға бару жеңілдейді
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Өзбекстанға барған қазақстандықтарды уақытша есепке тұрғызбай, 30 күн болуға мүмкін беретін заңды қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Отырыста Ішкі істер министрі Ержан Саденов "2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасының маңызды тұсына тоқталды.
"Хаттамаға мемлекет басшысының Ташкентке сапары барысында 2022 жылғы желтоқсанда қол қойылған. Бұл құжатпен қос ел азаматтары үшін бірдей негізде уақытша есепке тұрмай 30 күн болу белгіленбек. Осы мерзім аяқталғаннан кейін олар уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті. Негіздер – жұмыс істеу, емделу, оқу, отбасымен бірігу, бизнес жүргізу. Осылайша, біз көші-қонды бақылаймыз. Одан басқа болу мерзімін жаңарту мәселесі шешілмек. Алайда азаматтардың болу мерзімі 6 ай ішінде 90 тәуліктен аспауға тиіс", - деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан азаматтары Өзбекстанға барса, 5 күн ішінде тіркеуден өтуге міндетті.
"Елімізде міндетті тіркеу мен көші-қон карточкасы барлық шетелдік үшін 2020 жылдан бастап талап етілмейді. Бұл түзету біздің бастама бойынша әзірленді. Өзбекстан тарапы хаттаманы 2023 жылғы сәуірде ратификациялады. Хаттаманы ратификациялау азаматтардың болуы үшін қолайлы жағдай жасап, екі елдің ынтымақтастығын нығайтады", - деді Ержан Саденов.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz