Өзбекстанда ұйымдастырылған халықаралық "Бауырым, болашақ өз қолыңда" атты жастар фестивалінде Қазақстан Туының бұрмаланған нұсқасы қолданылған, - деп жазады Tengrinews.kz.
Бұл жайында заңгер Данара Саранова Instagram парақшасында жазды.
Ұйымдастырушылар қолданған Қазақстан туындағы ою алтын түстес емес, қызыл түсті нұсқада болған. Мұны қатысушылар түскен фотодан анық аңғаруға болады.
Бұл не деген қорлау? Біз өзге елдің туын қорлап жатырмыз ба, осы? Оңтүстіктегі жергілікті қазақстандықтардың патриоттық сезімі қайда? Неге қате қолданылған тумен суретке түскен? Ту суретін түзеуді талап ету керек еді және ресми түрде жазбаша кешірім сұрату қажет. Олай болмаған жағдайда, делегациямен бірге қатыспай қайта салулары керек еді. Әлде біздікілерге бәрібір ме?, - деп жазды Данара Саранова.
Заңгер суретке түскен делегация қатарында оңтүстіктің белсенді жастары, сондай-ақ Түркістан облысы Amanat партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты жетекшісі әрі блогер Олжас Мамыр барын байқағанын жазған.
Данара мұны ұйымдастырушылардың ғана қателігі емес, қазақстандықтардың да бейжай қарауы ретінде күйінген.
Өзбекстандағы ұйымдастырушылар қателесті, кешірімін сұрады делік, бірақ 3 күн бойы өткен іс-шарада туды түзетуге болады ғой! Типография жұмыс істемей ме, принтер жоқ па? Әлде жабыстыра салуға болмай ма? Тіпті матадан жасалған туды іліп қоя салуға да болады емес пе?, - деп жазды заңгер.
Elitar.kz редакциясы қазақстандық делегация мүшесі Олжас Мамырмен хабарласқан. Оның айтуынша, олар қатені бірден байқаған. Ұйымдастырушылар кешірім сұраған.
Бұл жағдай іс-шараның бірінші күні болды. Біз наразылығымызды білдірдік. Ертесіне ұйымдастырушылар кешірім сұрап, қателікті түзеді, - дейді Олжас Мамыр.