Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев медицина саласын реттейтін заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заңға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өзгерістерге сәйкес емшілерге дәстүрлі медицина саласында рұқсат етілмеген емдеу әдістерінің көмегімен диагноз қоюға және жарнама жасауға тыйым салынады.
"Халық медицинасында жұмыс істеуге құқығы жоқ тұлғалардың азаматтарға диагностика және емдеу бойынша медициналық қызмет көрсетуі, сондай-ақ халық медицинасы саласында рұқсат етілмеген әдістерді пайдалана отырып, материалдық немесе мүліктік пайда табуға бағытталған қызмет көрсетуі үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Сонымен қатар бұл қызметтерді жария түрде насихаттағаны үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", - деп жазылған ақпаратта.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, заңсыз халықтық медициналық қызметпен айналысатын және оны жарнамалайтын азаматтарға 7,5 миллион сумға дейін айыппұл салынады.
"Құқықбұзушылықтар айыппұл салынғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 15 күнге дейін қамауға алуға әкеп соғуы мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
Бұл заңға Өзбекстан президенті 5 қарашада қол қойды.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанда көріпкелдер мен сиқыршылардың қызметтерін жарнамалауға ресми түрде тыйым салынды. Тиісті заңға шілдеде президент Садыр Жапаров қол қойды.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар балгерлер мен көріпкелдердің қызметтеріне қанша жұмсағаны белгілі болды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!