2017 жылы 13-14 ақпан күндері Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы Өзбекстан Республикасында ресми сапармен болды. Делегация құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары Е.Л.Тоғжанов, Р.С.Халмурадов, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі төрағасының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы А.К.Сәдуақасова, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы И.А.Хашимжанов, Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депутаты Б.И.Нышанқұлов, «Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы» ҚБ, «ТАҢ» татар-башқұрт мәдени орталығы» ҚБ, «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» ҚБ өкілдері кірген.
Делегация Өзбекстан Республикасының Өлий Мәжілісі Заң шығару палатасы спикерінің орынбасары Б.Алихановпен, Өзбекстан Республикасы Өлий Мәжілісі Сенатының бірінші орынбасары С.Сафаевпен, Өзбекстанның Республикалық интернационалдық мәдени орталығының директоры Н.Мұхаммадиевпен бірқатар қос тараптық кездесулер өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстанның өзара іс-қимыл жасауының өзекті мәселелері, қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету, азаматтық бірегейлікті нығайту тәжірибесі қаралып, ынтымақтастықтың жаңа векторлары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстанның Республикалық интернационалдық мәдени орталығы арасында меморандумға қол қою ниеті туралы сөз болды.
Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының басшылығы мен белсенді мүшелерінің кездесуі сапардың негізгі іс-шараларының бірі болды. Соңында Қазақстан халқы Ассамблеясынан сый – компьютерлік техника мен қазақстандық авторлардың қазақ мәдениетіне, қоғамдық келісім мен бірлікке арналған кітаптары табыс етілді.
Өзбекстанның этномәдени бірлестіктер өкілдері және сарапшылары ҚХА делегациясының мүшелерімен өткізген дөңгелек үстелде Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі таныстырылды, «Қазақстан - Өзбекстан» достық қоғамын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ынтымақтастық бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу және ағартушылық жобаларды дамыту, шекара бойындағы ынтымақтастық, әдебиет алмасу, 2 ел жастарына арналған іс-шаралар өткізу бөлігінде нақты ұсыныстар жасалды.