Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева қазіргі қызметімен қатар Ташкент халықаралық қаржы орталығының басқарушысы болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі podrobno.uz-ға сілтеме жасап.
Тиісті жарлыққа Өзбекстан президенті қол қойған. Басқарушы қаржы орталығы кеңесінің бас хатшысы қызметін де атқарады. Ол кеңес отырыстарының күн тәртібін қалыптастырып, төраға болмаған жағдайда отырыстарға жетекшілік етеді.
Сонымен қатар, басқарушы қаржы орталығының халықаралық ұйымдармен, инвесторлармен және Өзбекстандағы, шетелдегі серіктестерімен байланысында оның мүддесін көрсетеді.
Оның өкілеттігіне кадрлық шешімдерге қатысу, соның ішінде қаржы орталығы әкімшілігінің атқарушы директоры мен оның орынбасарларын тағайындау кіреді.
Бұдан бөлек, басқарушы келісімдер жасауға, жұмыс топтарын құруға және сарапшыларды тартуға құқылы.
Айта кетейік, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің үлкен қызы Саида Мирзиёева 2025 жылы президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Ол 42 жаста.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова