Қазақстанда импорттық ішкиім осы тауар нарығының 99 пайызын алып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанда киім, тоқыма және аяқкиім тұтынудың ішкі нарығының үлесі былтыр 50 пайыздан асаға дейін, яғни 1,5 триллион теңгеге дейін өсті. Жалпы сала бойынша отандық өндіріс үлесі 10 пайыздан 9 пайызға дейін төмендеді. Бұл деректерді QazIndustry "қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ келтірген.
Ал Energyprom.kz ішкиім өндірісі бойынша қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің дамуы мен проблемаларын зерттеген.
Ұлттық статистика бюросы деректеріне сүйенсек, былтыр Қазақстан нарығындағы ішкиім өндірісінің үлесі небәрі 1,2 пайыз, ал импорт үлесі 98,8 пайыз болған. Бес жыл бұрын да осындай жағдай тіркелген.
Қазақстандық кәсіпорындарда ішкиім өндірісінің көлемі былтыр небәрі 1,9 миллион болған, ал ішкі нарықта жалпы сатылымы 150,2 миллион данаға жеткен. Бұл тауарларды тұтынудың ішкі нарығы өсіп отыр. Былтыр ішкиім сатылымы 20,2 пайызға өсті, 2021 жылы өсім 52 пайыз болды. Қандай дағдарыс болса да қазақстандықтар өздеріне жаңа ішкиімді тұрақты сатып алып отырған.
Осы деректерге қарағанда, мұндай тауарларға деген негізгі қажеттілік импорт есебінен жабылып отырғанын байқауға болады.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жариялаған кедендік статистика қазақстандықтардың осындай заттарға қанша ақша жұмсайтынын бағалауға мүмкіндік береді. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында ішкиімнің екі ірі тауар түрі бойынша импортық үлесі 77,2 миллион доллар болған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда үштен бірге көп. Негізгі импорттаушы елдер - Өзбекстан мен Қытай.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!