Өзбекстан Қазақстанға ауыл шаруашылығы жерлерін суару үшін сумен қамтамасыз ету бөлігінде көмектесуді жалғастырады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Өзбекстан Қазақстанға тағы 500 миллион текше метр су жібереді. Мұндай келісімге Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев келді.
"Бұл жұмыстың барлығы еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі фермерлердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр. Бүгінде Шардара су қоймасын толтыруға 1,5 миллиард текше метр қажет, бұл былтырға қарағанда шамамен 500 миллион текше метрге артық. Шардара су қоймасына барлығы 4 миллиард текше метр су келді", - деп хабарлады министрлік.
Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 4,5 миллиард текше метр су жіберілді. Бұл былтырғыдан 1 миллиард текше метрге артық. Қызылқұм каналына 850 миллион текше метрден астам су, ал 590 миллион текше метрден астамы Солтүстік Арал теңізіне жіберілді.
"Біздің тарап жүргізіп жатқан келіссөздер мен көршілерімізбен Тоқтоғұл су қоймасы мен Бахри-Точик су қоймасының жұмыс кестесін алдын ала келісудің арқасында "Достық" мемлекетаралық каналының қазақстандық бөлігіне су тұрақты түрде келеді. Қазір канал арқылы елімізге секундына 90 текше метр су келіп жатыр. Бұл Түркістан облысының шаруаларын суармалы сумен қамтамасыз ету үшін жеткілікті", - деді "Су" министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева.
Айта кетейік, 1 сәуірден бастап өзбек тарапы Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 4 миллиард текше метрден астам су жіберген болатын.
Еске салайық, маусымда Су ресурстары және ирригация министрлігі Арал теңізінің солтүстік бөлігінде су көлемі ұлғайғанын хабарлады. Жыл басынан бері Солтүстік Арал теңізіне 1,1 миллиард текше метр су келді. Осылайша, бүгінде Солтүстік аралда су көлемі 21,4 миллиард текше метрге тең.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!