The Spirit of Turkistan фестивалінде қазақ даласының жүрек тебірентер әуендері, шуақты Өзбекстан ырғақтары, Тәжікстанның сиқырлы үні мен Мажарстаннан келген өмірге құштарлықты арттыратын этно-фанк шырқалады. Дәстүр бойынша, фестиваль Karavansaray Turkistan туристік кешенінде өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
HasSak (Қазақстан)
HasSak (Қазақстан) этно-фолк-тобының музыкасын тыңдап отырып, "Ұлы Дала үнін", "қазақ жерін әлдилеген желдің әуені" мен "арғымақтардың дүбірін" естисіз. Мұндай ерекше дыбыстарды музыканттар қобыз, домбыра, жетіген, сыбызғы, шертер, сазсырнай, даңғыра, дауылпаз, дабыл, су сылдыр, қоңырау және басқа да көптеген ұлттық аспабымыздың арқасында шырқайды. Өнер ұжымының аты "нағыз сақ" деген мағынаны білдіреді. 10 жылдан бері музыканттар өздері шығарған туындыларды, қазақ композиторларының күйлері мен қазіргі заман авторларының шығармаларын орындайды.
ABBOS (Өзбекстан)
Топтың негізін осыдан 20 жыл бұрын мультиаспапшы, дойрада (қазақтың даңғырасына ұқсас аспап) ойнау шебері Аббос Касимов қалаған. Өнер ұжымы өнер көрсеткен кезде өзбек әуендері мен ырғақтары аяқ астынан әлемдік эстраданың хит-әуендеріне ұласып, керемет үйлесім табады. Музыканттар дойрамен қатар, сурнай, карнай, нагора секілді ұлттық аспаптарда ойнайды. Топ бүкіл әлем бойынша концерттер берген, Қазақстанда да бірнеше мәрте өнер көрсетті, олардың арасында Nomad Way, The Spirit of Tengri және Ethnotronica фестивальдері де бар.
Avesto (Тәжікстан)
Топты ағайынды Джафар, Умед пен Джасур Халиловтар 90-шы жылдардың басында құрған. Өзінің ұзақ жылдық тарихында Avesto элиталық ұжым атағын ешкімге берген емес. Музыканттар тәжіктің ұлттық музыкасын, солист Тахмина Рамазанованың сыңғырлаған дауысы мен поп, рок және джазды шебер ұштастырады. Сұхбаттарының бірінде әнші "Авестоның" репертуарымен жұмыс жасаған кезде оның Тәжікстаннан тыс жерлерде де түсінікті болуына мән беретінін атап өтті. Топ дәл осындай мақсатпен The Spirit of Turkistan фестиваліне келіп, өздерінің авторлық туындыларын ұсынбақ.
Kerekes Band (Мажарстан)
Kerekes Band тобының музыкасы арқылы өткен шақтың өзгеріп, бүгінге қалай жеткенін сезіне аласыздар. Музыканттар мажар халқының ырғақты, дәстүрлі әуендеріне заманауи үн қосып, тыңдарманға ұсынады. Топ 1995 жылы құрылған, бүгінге дейін музыканттар ойнайтын электроника, фанк пен топ фронтмені Жомбор Фехердің сыбызғысы әлемнің жүздеген би алаңын бағындырып үлгерген.
Биылғы The Spirit of Turkistan фестивалінің тағы бір ерекшелігі – шара аумағында көптеген белсенді іс-шаралар ұйымдастырылады. Қонақтар ұлттық ойындар сайысына қатысып, ерекше тағамдардың дәмін татып, шығыс тәттілері, кептірілген жемістер, тандырдан шыққан тағамдар сатылатын шығыс базары мен қолөнершілер жәрмеңкесін аралай алады. Қонақтар үшін бағалы сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылады, олардың арасында Ыстамбұл қаласына 4 адамға арналған жолдама да бар.
The Spirit of Turkistan фестивалі Kazakh Tourism қолдауымен өтіп жатыр. Жобаның бас серіктесі - Kaspi.kz.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!