Ethnotronica Almaty электрон музыка фестивалі таяуда өтеді. Күздің басты оқиғасында Өзбекстан атынан ABBOS тобы өнер көрсетеді.
Жобаның бас серіктесі ‑ Magnum Cash & Carry. Фестиваль қала күні аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.
Үш сағаттық эксклюзив dance-шоу 10 қыркүйекте сағат 19:00-де қаланың басты open-air алаңында - Республика сарайының алдындағы Абай алаңында (Абай - Достық) өтеді. Кіру тегін.
ABBOS тобының атауы осы топтың негізін қалаушы - барабаншы Аббос Касимовтың есімімен аталады. Ерекше эмоциясымен танымал музыкант дойрада (ұрмалы музыкалық аспап) және басқа да ұлттық аспаптарда ойнайды. Топ сырнай, карнай және нагорада да ойнайды.
Бұл топ 1998 жылы құрылған. Олар осы жылдар ішінде АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Гонконг, Тайвань және басқа да көптеген елге гастрольдік сапармен барған. Жанкүйерлер өзбек ұлттық әуендерін, сондай-ақ, дәстүрлі өзбек музыкалық аспаптары қолданылған эстрадалық хиттерді әрдайым асыға күтеді. Олар бұл бағытта ізашар болды.
Қазір ABBOS тобын Равшан Юнусов басқарады. Ол 2011 жылы дойрада ойнауды үйрететін мектеп ашқан. Жаңа басшымен бірге ұжымның белсенді гастрольдері өз жалғасын тапқан. Ол Оңтүстік Корея, Таиланд, Малайзия, Қырғызстан, Тәжікстан, Болгария, Румыния, Ұлыбритания, Франция, АҚШ-тағы фестивальдарға қатысқан.
"Сәлеметсіздер ме, қымбатты қазақстандықтар! Сіздерге ABBOS тобының атынан шуақты Өзбекстаннан сәлем жолдаймын. Баға жетпес алматылық жанкүйерлерім, сіздерді 10 қыркүйекте өтетін Ethnotronica Almaty фестиваліне шақырамын. Сіздер карнай, сырнай, дойра және нагора сияқты өзбек ұлттық аспаптарының үнін ести аласыздар. Сіздерді асыға күтеміз, құрметті алматылықтар!"- деді Равшан Юнусов видеоүндеуінде.
ABBOS тобымен қатар, қазақстандық электрон сахна өкілі Edige Ethnotronica Almaty көрермендеріне арналған қойылым дайындап жатыр.
Edige Таяу Шығыс пен қазақ халқының музыкасына сүйеніп, жергілікті үн іздейді. Ол деколониал призма арқылы қазақстандық электрон үнін жеткізеді. Ол Zvuk Collective компаниясының мүшесі саналады әрі Boiler Room-да Алматының заманауи техно-сахнасын ұсынған. Ол - түрлі кештердің ұйымдастырушысы, U жобасын құрушы. 2022 жылы "Стихия" халықаралық фестивалінде (Өзбекстан) Қазақстан атынан қатысқан.
Ethnotronica Almaty - технология мен музыканы тоғыстырған шоу. Оған world music жанрында өнер көрсететін Жомбор Фехер (Мажарстан), Радик Тюлюш (Тыва), Чылтыс Таннагашева (Тау Шориясы), Simi триосы (Грузия), Steppe Sons тобы (Қазақстан) сияқты орындаушылар, қазақстандық электрон сахна әртістерінен Нариман Исенов AlmaLogic жобасымен, Kokonja, Ruus және жеке музыканттардан Layla-Qobyz (Қазақстан), Nuketai, Айжан Бектұрған (Қазақстан) қатысады.
Ethnotronica Almaty музыкалық бағдарламасы этникалық мотив электрон дыбыспен үйлескен XXI ғасырдың үнін ұсынады. Оның белсенді, серпінді музыкадан басталатын, тіпті индустриалдық, кей жерлерде қобалжу сезімін туғызатын әрі пластикалық, рефлексия және әлемді философиялық түсіну энергиясы арқылы жағымды және қазақы болмысқа жетелейтін ортақ оқиға желісі бар.
Фестиваль сахнасы алаңды кез келген нүктеден көруге мүмкіндік беретіндей етіп орналастырылады. Сондай-ақ, шоу real-time режимінде LED-дисплейлерде, сондай-ақ, онлайн платформаларда тікелей эфирде көрсетіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!