- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Өзара келісім бойынша...
"Өзара келісім бойынша жасалған". Павлодарда кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адам сотталды
Павлодарда кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін жабық сот отырысында кәмелетке толмаған баланы зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сот сараптамасының қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.
Іс бойынша мемлекеттік айыптаушы 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің өкілі мен жәбірленушінің өзі мемлекеттік айыптаушыны толық қолдады.
"Айыпталушы кінәсін мойындамады, жәбірленушінің кәмелетке толмаған жасы туралы білмегенін, жыныстық қатынас өзара келісім бойынша жасалғанын айтты", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Қылмыс аса ауыр қылмыстар санатына жатады және 15 жылдан 17 жылға дейін тек бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
"Сот ер адамның жағымды мінездемесін және бұрын соттылығының болмағанын, қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жай ретінде масаң күйде қылмыс жасау фактісін ескерді. Осыған байланысты айыпталушыға қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп хабарлады сот.
Сондай-ақ, ол өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан