Үкімет Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасын әзірледі. Бұл туралы Мәжілісте вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылады. Ол жеке қаржы моделіне, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді.
"Конституциялық заң негізінде Алатауда арнайы құқықтық режим қалыптасады. Ол кәсіпкерлік қызметтің негізгі бағыттарын қамтиды. Нәтижесінде Алатау жаңа басқару және технологиялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін заманауи реттеуші алаңға айналады. Қалада сынақтан өткен тиімді тетіктер алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлерінде де таралуы мүмкін. Халықаралық тәжірибеде мұндай жобалар charter cities деп аталады. Алатау қаласында салық жеңілдіктері ғана емес, сонымен қатар, бизнесті реттеу, инвесторларды тарту және инвестициялық дауларды шешу жүйесін қамтитын толық экожүйе қалыптастыру жоспарланып отыр", - деді Қанат Бозымбаев.
Алатауды басқару жүйесі
Alatau City Authority стратегиялық дамуға негізделген жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Оның негізгі бағытын премьер‑министр басқаратын кеңес айқындайды. Ал әкімшілік жұмысты бас атқарушы директор жүзеге асырады.
Кеңес қаладағы негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайды және әкімшілік актілерді бекітеді. Ал мәслихат пен әкімдік қаланың әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық мәселелеріне жауап береді.
Инвестициялық саясат
Заң жобасында инвестициялық келісімдердің тұрақтылығы, арнайы құқықтық режимнің басымдығы және лицензиялаудың жеке тәртібі қарастырылған. Сондай‑ақ, "бір терезе" қағидаты арқылы тәуелсіз реттеу жүйесі енгізіледі. Инвесторлардың құқығы халықаралық деңгейде қорғалады. Олар Астана қаржы орталығының немесе халықаралық арбитражды таңдай алады.
Салық моделін қалыптастыру
Салық преференциялары тек басым бағыттардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі. Бұл жобалар негізгі критерийлерге сәйкес болуға тиіс, олар:
- экономикалық және әлеуметтік тиімділігі;
- қаланың стратегиялық құжаттарына сәйкестігі;
- экспортқа бағдарлануы және инновациялық сипаты;
- экологиялық талаптарды қамтуы.
Бюджет саясаты
Alatau City Authority республикалық бюджет бағдарламаларының дербес әкімшісі болады. Оның бюджеті негізінен инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады. Жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін кеңес бекітеді. Ал қаланың жергілікті бюджеті әлеуметтік және өзекті міндеттерді қаржыландыруға жұмсалады. Алатау өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін қала бюджетінен басқа бюджеттерге қаражат алуға жол берілмейді.
Қаланың ұзақ мерзімді инвестициялық дамуы
Қаланың дамуы стратегиялық құжаттарға негізделеді, олар: 30 жылға арналған ұзақ мерзімді даму жоспары және 15 жылдық стратегия мен мастер‑жоспар.
Инвесторлар үшін тұрақтылықты сақтау мақсатында осы құжаттарға өзгерістер 10 және 5 жыл ішінде бір реттен көп енгізілмейді.
Жер қатынастары
Жер қатынастары арнайы режим арқылы реттеледі. Қаланың жер қоры қалыптасады. Инвесторларға жер учаскелері бизнес лицензия немесе келісім шарт негізінде беріледі.
Алатауды Smart City үлгісінде дамыту
Қала Digital by default қағидатына сүйеніп құрылады. Яғни барлық негізгі қызмет цифрлық форматта жұмыс істейді. Қалада инновациялық технологияларды енгізу үшін құқықтық режимдер қарастырылады. Бұл байланыс, цифрлық желілер, жасанды интеллект, робот жүйелер және автономды көлік сияқты салаларды қамтиды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова