- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Өз тілімнен таптым“....
“Өз тілімнен таптым“. Көпен Әмірбектің екінші әйелі бірінші отбасымен қарым-қатынасы туралы айтты
Екі жыл бұрын қайтыс болған танымал қазақстандық сатирик Көпен Әмірбектің екінші әйелі оның бірінші отбасымен араласып тұратынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сатириктің өзінен 36 жас кіші екінші әйелі Әйгерім Асанова "Астарлы ақиқат" бағдарламасында қонақта болып, сұхбат берді. Бағдарлама танымал тұлғаның өмірден өтуі жайлы болды. Әйгерім Асанова күйеуінің күтпеген жерден қайтыс болғанын айтты.
"Ұзақ ауырмады. Біз өзіміз де тез кетіп қалады деп күтпедік. Асқазанына ота жасады. Соны көтере алмады", - деді әйелі.
Бағдарлама жүргізушісі қонақтан Көпен атаның аманаты туралы сұрады.
"Үнемі айтып отыратыны – Жұбаныш еді. Жұбаныштың есімін "жасым келгенде жұбанайын" деп қойған еді. Жұбанышты өнерге жақындатқысы келмеді. Әскери салаға барса екен деп армандайтын. Бірақ үшке толысымен өзімен бірге алып жүретін. Құдай қанша ғұмыр берер дейсің, қасымда жүрсін әрдайым деп, ертіп кететін. Кішкентай Жұбаныштың қызығын көріп, үйлендіріп, соның баласын құшағыма басып кетсем, ешқандай арманым жоқ дейтін. Өкінішке қарай, ол арманына жетпеді. Қазір Жұбаныш жігіт болып қалды. Тоғыз жасқа толды. "Абайдың туған күнінде туған, бұл өзі тегін бала емес деп айтып отыратын". Жұбаныш та әкесі сияқты әзіл-қалжыңға жақын", - дейді Әйгерім Асанова.
Айта кетейік, сатирик екінші әйеліне 65 жасында үйленіп, Жұбаныш атты ұл сүйген еді. Ал бірінші жарынан бір ұл, бір қызы бар.
Сұхбат барысында Әйгерім Асанова үнемі өзінен үлкен адамға тұрмысқа шығуды ойлағанын айтты.
"Алланың алдында арым таза. Біреудің өмірін бұзғаным жоқ. Өзім әжемнің қолында өскеннен кейін болар, мектепте оқитын кезімнен үнемі үлкен адамға тұрмысқа шығамын деп айтатынмын. Әжем "түзу сөйле, сөздің киесі бар" деп ұрысатын. Солай өз тілімнен тапқаным ғой. Бірақ өкінішім де жоқ. Көпеннің бірінші отбасымен, балаларымен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Балалар бір-бірімен араласып тұрады. Кеше де бірге болдық. Алматыға отбасылық бір шараға келдік", - деді ол.
Айта кетейік, "Астарлы ақиқат" бағдарламасының осы санында Арман Дүйсеновтің қандай жағдайда қайтыс болғаны туралы айтылған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Ибраева