Әлеуметтік желіде 32Б шағынауданындағы қоқыс жәшігінің жанында намаз оқып жатқан жігіттің видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
Видео авторының айтуына қарағанда, ішімдік ішіп алған жігіт әртүрлі сылтау айтып, пәтерлердің есігін қағып, қайыр сұрайды. Кейде есігі ашық тұрғын пәтерлерге кіріп кетеді.
"Осы кісі үйімізге кіріп кетіп жүр. Үйде балаларымыз болады. Құдай сақтасын, қорқамыз. Өзі мас. Басында өзіміз көмек беріп, жаман үйреткенбіз. Осымен бесінші рет біздің подъездімізге келді. Есік алдында ұл-қыздарымыз ойнап жүр, қорқамыз. 102-ге хабарласуымыз керек пе, кімге айтсақ болады?" - дейді тұрғын.
Бұған дейін қолына жайнамаз ұстап алған осы мас жігіт жетімдер үйінен екенін, жақында қарындасы қайтыс болғанын айтып, соған 48 мың теңге сұрап, 9 шағынаудан тұрғындарын да мазалаған.
Облыстық полиция басқармасының айтуынша, бұл ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 30 тәулікке қамалған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!