“Өз еліне адал қызмет етуге дайын жастардың бойындағы жалынды сездім“. Резервші Мадина Оспаналымен сұхбат

“Өз еліне адал қызмет етуге дайын жастардың бойындағы жалынды сездім“. Резервші Мадина Оспаналымен сұхбат
Фото: Мадина Оспаналының жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резерві еліміздің жастары үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтқан болатын. Резервте жылдам шешім қабылдай алатын, құбылмалы жағдайларға тез икемделе алатын жастар жиналады. Президенттік жастар кадр резервіне кімдер қатыса алады? Massaget.kz тілшісі резервші Мадина Оспаналымен сөйлесті.

- Мадина ханым, өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

– Сұхбатқа шақырғандарыңызға рақмет. Алматы облысында дүниеге келдім. Ауылда ата-әжемнің тәрбиесін көрдім. Жоғары білімді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан алдым. Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Гуманитарлық ғылымдар магистрімін. Студент кезімнен баспаларда, түрлі жобаларда корректорлық, редакторлық жұмыстар атқарып келемін.

- Президенттік жастар кадр резерві жайлы қайдан естідіңіз және оған қалай өттіңіз? 

– Резерв туралы жолдасым айтты. "Бағыңды сынап көр, өтіп жатсаң, ойыңда жүрген біраз дүниені іске асыруға мүмкіндік ашылар" деген соң, іріктеуге қатысуға бел будым. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған бала да бір сәт елінің болашағын ойлайды ғой. Оқушы күнімізде "Егер мен президент болсам... елімді қалай көркете аламын.." деген шығарма жазғанда бала-қиял бізді айға да апарады ғой. Ал есейе келе, көп дүниенің парқын біле бастағанда, адамның ойы өзгереді екен. Қоғамға, жүйеге, айналаңда болып жатқан оқиғаларға іштей қарсылық, наразылық күшейетін кездер де болады. Ал үлкен өмірге аяқ басқанда жауапкершіліктің жүгі өзіңе түседі. Қарсылық сені алға сүйрейді, жыртығыңды жамауға әрекет етуге жетелейді. Бұның бәрі бәлкім сынақ. Адам осы жолда шыңдалады, өседі. Ал мемлекеттің өсуі оның әр адамының тұлғасының қалыптасып, өсуіне байланысты деп ойлаймын. Бала күннен мұғалім болуды армандадым. Мәселе кім болғаныңда емес, адамның түпкі ниетінде.

- Қандай кезеңдерден өттіңіз? Қай кезеңнен қиналдыңыз?

– Іріктеуге жасы 35-ке толмаған, жоғары білімі бар, еңбек өтілі 5 жылға толған, мемлекеттік тілді білетін ҚР азаматы қатыса алады. Іріктеу төрт айға жуық болды, 8 кезеңнен тұрды. Құжат жинаған соң, мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын сынақтан өттік, одан кейінгі кезеңдерде мәтінмен, сандық ақпаратпен жұмыс істей алу, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзіретімізді көрсету, жоба қорғау, сұхбат, тағы басқа кезеңдер болды. Жалпы іріктеу туралы толық ақпаратты резервтің сайтынан алуға болады. Тіркелгенде Қазақстанның мемлекеттік басқару құрылымына сәйкес алты саланың біреуін таңдау керек. Менің таңдағаным – әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам саласы. Мені мемлекеттік тілдің жайы, білім мен ғылым мәселесі толғандырады. Мына кезең қиын болды деп кесіп айту қиын, әр кезеңнің өзінің қиындығы мен қызығы бар. Дегенмен кезеңдерге алдын ала дайындалудың қажеті жоқ деп ойлаймын, өйткені бұл жерде санаулы күн ішінде дайындықпен барған білім емес, осы уақытқа дейін жылдар бойы жинаған білімің мен тәжірибең көрінеді. Іріктеудің ұйымдастырылуы, жалпы форматы өте ұнады.

- Өткен кезде сезіміңіз қандай болды? Президентпен бір форумда болдыңыз ба?

– Тізімнен аты-жөнімді көргенде қатты қуандым десем, артық айтқаным болар. Менен гөрі ата-анам қаттырақ қуанған сияқты, өйткені ата-ана үшін баланың титтей жетістігінің өзі зор қуаныш қой. Бірақ, әрине, қаншама адамның ішінен 50 жас кадрдың тізіміне іліккеніме іштей қуандым. Бұны, ең алдымен, маған артылған сенім деп білемін. Ал жауапкершіліктен қорқудың қажеті жоқ, өйткені жауапкершілік ең алдымен, адамның өз ар-ұятының алдындағы жауапкершіліктен басталады деп білемін. Иә, Президент 20 ақпан күні резервтегі барлық жас кадрдың басын қосып, форум өткізді. Форумды мазмұны бай, құндылығы жоғары жиын болды деп айта аламын. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі білімді, мақсаты айқын, батыл әрекет етуге дайын жастардың қолында екенін айтып, сенім білдірді. Ең бастысы жаңашыл бастамаларды қолдайтынын және іске асыруға мол мүмкіндік берілетінін айтты. Ол кісінің бізге артқан сенімі өз алдына, форумға жиналған өзім қатарлы жастардың ортақ мақсатқа деген ұмтылысы мен ел болашағы үшін жауапкершілік арқалауға дайын болуы сенімімді нығайта түсті. Өз еліне адал қызмет етуге дайын жастардың бойындағы жалынды сездім.

- Резервтің сіз үшін қандай артықшылықтары бар?

– Бұрын мемлекеттің басқару ісіне араласу үшін сенің соған сай жүріп өткен жолың, мемлекеттік қызметте әжептәуір тәжірибең болуы керек болатын. Былайша, ол ұзақ жол. Ал резерв – көпір, яғни өзінің білімі мен қарым-қабілетін көрсетіп, өзін дәлелдей білген озық ойлы жастарға берілген мүмкіндік деуге болады. Резерв мен үшін ең алдымен керемет мүмкіндік. Осы уақытқа дейін ойымда жүрген, өз саламның кем-кетік тұстарының тым болмағанда бір кетігін қалауға берілген мүмкіндік дер едім.

- Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Қандай іспен айналыссам да, рухани құндылықтарыма сай келетін, елімізге пайдасын тигізетін дүниелерді ойлаймын. Қазір жас кадрлар резервінің арқасында Әділет министрлігінің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасында қызмет істеп жатырмын. Әсіресе заң тілін біріздендіру, жетілдіру, қазақ тілінде сауатты заң жазу жобаларына араласып, тәжірибе жинап жатырмын. Әрине, жылдар бойы қате жазылып келген дүниені аз ғана уақытта түзеп тастауға келмес, дегенмен аз-аздан болса да үздіксіз жасалған істің нәтижесі болады. Болашаққа жоспар көп. Ең бастысы соның бәрін жас кезде жанды салып істеу керек.

- Резервшілер арасынан достар таптыңыз ба? 

– Иә, резервшілер жиі бас қосып, маңызды жиындарда бірін-бірі қолдап жүреді. Арамызда өте жақсы байланыс, өзара кеңесу, ақылдасу, көмектесу, ой қосу деген керемет дүниелер бар. Бұл орта білімді жастардың ортасы болған соң, адам ортасына қарай өсетіндіктен, сені тұлға ретінде өсіретін орта деп айтар едім. Резервшілер болып қайырымдылық шараларына да жиі атсалысып жүреміз, бірақ оның бәрін жария ете бермейміз, ең бастысы ниетіміз түзу. Жас кадрлар да республикалық деңгейде ғана емес, облыс, аудан, ауыл деңгейінде де қызмет атқарып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, білім-ғылым, экономика, медицина, т. б. салаларды дамытуға үлес қосуға дайын.Әрбіріміз өз саламыздың мәселелерін шешуге үлес қоссақ, өзгеріс бірте-бірте болады және алдағы уақытта оң шешімдер мен атқарылған істің нәтижесі міндетті түрде жемісін береді деп ойлаймын.

- Мадина ханым, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз! Алға қойған мақсаттарыңыз орындала берсін!

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова