- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Өз еліміздің жыртығын...
"Өз еліміздің жыртығын жамап алғанымыз дұрыс". Air Astana түркиялық клубқа 7,5 миллион доллар бөлетіні рас па?
Әлеуметтік желіде Air Astana компаниясы түркиялық "Галатасарай" футбол клубына демеуші болғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл жайт Желі қолданушылары арасында қызу талқыға түскен. Компанияның ресми өкілі осы мәселеге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Facebook-тегі жазбада компания "Самұрық Қазына" қорына қарайтыны, соған орай демеушілікке бөлінетін қаржы мемлекеттікі екені айтылады. Сондай-ақ, компания тарапынан жыл сайын 7,5 миллион доллар көлемінде ақша жұмсалады екен.
"Қыруар қаржыны шетке шашып... Air Astana компаниясы түркиялық "Галатасарай" футбол клубының демеушісі атанды. Яғни, қазақстандық компания жыл сайын 7,5 миллион доллардан құйып отырады. Келісімшарт 5 жылға жасалған. Бұл жөнінде Gooal.kz порталы мәлімдеді. Енді 7,5 миллион долларды ұлттық валютаға шақсақ, 3 миллиард 377 миллион теңгені құрайды. Air Astana компаниясы "Самұрық Қазына" әл-ауқат қорына қарайды. Айналып келгенде, мемлекеттің ақшасы ғой. Не тыраштану бұл? Понт па? Типа "Этихат" не "Эмирейтс" сияқты деңгейге талпыну ма?" - деп жазған әлеуметтік желі қолданушысы.
Қазнетте бұл ақпарат қызу талқыға түскен. Көпшілік бұл жаңалыққа сыни пікір айтқан.
"Эйр Астана алдымен қызмет сапасын жақсартып алсын. Ішкі нарықтағы монополист компания", "Мен де естідім осы жаңалықты, өз еліміздің жыртығын жамап алғанымыз дұрыс. Одан сол ақшаға еліміздің әр өңіріндегі әуежайларды жаңартып алуға жұмсасын", "Сол ақшаны бізге берсінші", - деп жазды олар.
Компанияның ресми өкілі әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"Бізде ондай ниет болған жоқ, ешқандай жоспар жоқ. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Әуекомпанияның шетел футбол клубтарына демеушілік жасауға жоспары жоқ және болған емес", - деді Air Astana компаниясының баспасөз хатшысы Тілек Абдрахимов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова