"Өз баласының етін жеуге дейін барған". Маман ашаршылық жайлы жантүршігерлік деректер айтты

31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 1930-1933 жылдардағы ашаршылықта ресми деректер бойынша, 1,5 миллион адам қайтыс болған. Оның 1,3 миллионы қазақтар деседі. Алайда зерттеушілер нақты сан бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады. Республикалық саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы Massaget.kz тілшісіне ашаршылық жылдарындағы жантүршігерлік деректер туралы айтып, тарихқа шолу жасады. 

Тарихқа көз жүгіртсек

Жұмабек Ашуұлы ашаршылық айтар алдында ең алдымен тарихымызға шолу жасау керегін айтады.

"Ұлы дала аталған қазақтың кең байтақ жері қойлы қоныс болған, қазба байлыққа толы даламызға көз алартқан көршілер көп болған. Қытай, Ресей, Александр Македонскийдің кезінен бастап бәрі қанша қызығып, қанша жаулап аламын дегенімен қазақты ешқандай күшпен жеңе алмаған. Одан бері ресейліктер жоңғарды пайдаланып, қазаққа айдап салып, зеңбірегін, мылтығын беріп, қаншама жыл қырғын соғысқа айналдырды. Сөйтіп барып біртіндеп қазақты  алдап, мысықтабандап қазақтың жеріне кіре берді, қазақты бауырына баса берді. Патшалық Ресей көп жылға арналған қазақтың жерін қалай басып алу керегін ойлап, шоқындыру, шіркеулер салу арқылы қазақтың жерлерін иемдене берді", - дейді маман. 

Бірақ 1917 жылы большевиктер жеңіске жеткеннен кейін нағыз сойқан сонда басталған. Большевиктер қазақты нақты жоюға кіріскен.

"1918-1921 жылдардың аралығында Азамат соғысы жүріп жатқан кезде большевик-эмиссар Таболиннің сөзі бар. Ол "қазақтар - болашағы жоқ халық, олар қырыла берсін. Біз олардың малдары арқылы қызыл әскерді асырауымыз керек" деген. Олардың қазаққа деген пиғылы, көзқарасы осындай болған. Қазақты жер бетінен ұлт ретінде жойып жіберуге бағытталған", - дейді Жұмабек Ашуұлы. 


Фото: "Зұлмат" фильмінен кадр

Ашаршылық жылдары қанша қазақ қырылды?

Маман Азамат соғысы біткен 1921 жылы қуаңшылық болып, халық ашаршылыққа ұшырағанын айтады. Сол кездері, тарихшыларымыздың айтуы бойынша, 1,7 миллиондай қазақ қырылған екен.

"Ашаршылықтан өтіп, халық есін жия бастаған кезде 1925 жылы дін қызметкерлерінің соңына түсіп, жер аудартатынын аударып, ататынын атып, түрмеге қамаған. Одан кейін 1928 жылы Голощекин қазақтың қайраткерлерінің айтқанына көнбей, қазақтың жеріне кіші октябрь орнату керек деп күшпен ұжымдастыру басталды. Яғни байлардың малын тартып ала бастаған болатын. Елді ел етіп отырған байлардың малын тартып алу үлкен қырғынға ұшырататынын білген қазақ Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліске шыға бастады", - дейді маман. 

Маманның сөзінше, сол жылдары ашынған халықтың көтеріліске шығуы туралы түрлі деректер бар. 

"Біздің қолымыздағы деректер бойынша, қазақтар Кеңес үкіметіне қарсы 1929-1932 жылдары 273 рет көтеріліске шықты десе, саяси репрессия құрбандарын ақтау комиссиясының деректері бойынша, 560-тан аса көтеріліс болған екен. Ол көтерілістің бәрі қарулы күшпен басылып отырды. Алайда бұл көтерілістер Кеңес үкіметін төңкеріп тастауға бағытталмаған, тек өз балаларын асырап қалу үшін, амалсыздан көтерілді. Салдарынан 1932-1933 жылдары халық жаппай ашаршылыққа ұшырады", - дейді маман.


Фото: "Зұлмат" фильмінен кадр

Ашаршылықтың демографияға салдары

Жұмабек Ашуұлының айтуынша, сол жылдары қазақтың саны нақты айталатын деректер белгісіз.

"Тек Ахмет Байтұрсынұлы 1911 жылы 6 миллион қазақ болды деген деректері бар, одан бөлек, Мұхамеджан Тынышбаевтың деректері бойынша 6 миллиондай қазақтың санын келтіреді. Ал белгілі жазушы Смағұл Елубаевтың өз аузынан естігенім бойынша, 1921 жылы Орынбор қаласында шыққан ғалым Чулошниковтың еңбегінде 1913 жылы қазақтардың саны 8 миллион 260 мыңнан асқан екен. Осы ақпаратқа өз басым сенгім келеді. Себебі қазақ құмның арасында жүрген, таудың арасында жүрген, қаншама ауыл тізімге ілінбеуі мүмкін. Одан бөлек, қазақ ешқашан баласының санын айтқан емес. 10 шақты баласы болса да "2-3 қара домалақ жүр" дейтін. Халық саны 6 миллион болды дегеннің өзінде 1939 жылғы санақ бойынша 2,4 миллион ғана болып қалған. Халық жартысынан көбінен айырылып қалды. Өсудің орнына кейін кеткен", - дейді маман. 

Ашаршылықтың демографияға келтірген салдары қатты болған. 

"Кезінде белгілі демограф марқұм Мақаш Тәтімовтің айтуы бойынша, 1932-1933 жылдары ашаршылық болмағанда қазақтардың саны 60 миллионға жетуі керек еді. Кейбір тарихшы ғалымдар одан да асырып айтып жүр. Ашаршылық болмаса солай да болуы керек еді", - дейді Жұмабек Ашуұлы.

Фото: "Зұлмат" фильмінен кадр

Халық ашаршылықта қалай күн көрді? 

Жұмабек Ашуұлының сөзінше, малын тартып алған қазақ амалсыздан қалаға қарай беттеген. Бірақ оларды кіргізбей, сыртынан атып тастағаны туралы деректер бар екен.

"Шетелге шығып бара жатқан халықты пулеметпен атқан деген деректер бар. Ал Қарағанды облысында далада қырылған адамдардың сүйегінен әппақ болып қалғандықтан ақсүйек дала деп аталған. Жантүршігерлік деректің бірі - адам өз баласының етін жеуге дейін барған. Мысалы Семейде қырылған балалардың сүйектерін қыста жерлемей, ағашты үйгендей үйіп тастаған деген деректер бар. Осы секілді деректер көп. Қазаққа осыншама қорлық, зұлмат орнату деген ешқандай кешірілмейтін күнә. Ашаршылықтан аман қалып, бүгін тәуелсіздігімізге жетіп отырмыз. Бірақ оны міндетті түрде қазаққа жасалған геноцид ретінде халықаралық деңгейде мойындатуымыз керек", - дейді маман. 

Фото: РИА Новости

Маманның сөзінше, кезінде украиналықтар осы мәселеге қатысты БҰҰ алдында бірігіп жұмыс атқарайық деп ұсынған.

"Бірақ жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Оны қалдыруға болмайды. Бұл мәселені міндетті түрде көтеру керек. Осы тарихымыз арқылы ұрпағымызды, халықты тәрбиелейміз. Халқының басынан осыншама қасірет өткенін, қайғы-қасіретті өткергенін ұрпақ білсе рухы көтеріледі. Бүгінгі тәуелсіздікке қалай жеткенімізді сонда ғана түсінеді. Сондықтан оны тектен текке қалдырмау керек. Бұл бір күндік қана шара емес. Ол жылдар бойы жалғасатын, халық арасында үлкен идеологиялық жұмыс жүргізетін үлкен жұмыс болуы керек", - дейді Жұмабек Ашуұлы.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!