- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Өзі алтын жалатылған,...
Өзі алтын жалатылған, бауы бұзау терісінен. Маңғыстау полициясы 180 сағатқа тапсырыс берген
Маңғыстау облысы Полиция департаменті жұқа алтын қапталған бірнеше сағат сатып алмақ. Оның 80-і әйелдерге, 100-і ер адамдарға арналған. Ал бюджеттен бұған шамамен 2 миллион теңге жұмсалады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының Полиция департаменті мемлекеттік сатып алу сайтында сағат сатып алу туралы хабарландыру жариялаған. Ведомство 180 дана сағатқа тапсырыс берген.
Кәдімгі мемлекеттік тапсырыс сияқты көрінгенімен, мәселе оның техникалық сипаттамасында болып отыр. Құжаттарда сағат жұқа алтынмен қапталған болуы керек екені, ал аксессуардың бауы бұзау терісінен жасалуы қажет екені жазылған.
"Механизмі жапон/швейцариялықтан кем емес. Механизмнің түрі – кварц. PVD алтынмен қапталған (титан нитрид + 10 мкм алтын). Артқы жағы тот баспайтын болаттан жасалған. Әйнегі минералды, сызаттарға төзімді. Су өткізбейтін, кем дегенде – 5 АТМ. Шаң/ылғалға төзімді. Беті ақ эмаль, араб цифрларымен, дөңгелек пішінді, диаметрі – кемінде 30 мм. Бауы аллергияға қарсы жабыннан, бұзау терісінен жасалған, қара/қоңыр түсті, бауы қара/қоңыр жіптермен тігілген", – деп жазылған сипаттамасында.
Сағаттың әрбір данасы 11 000 теңге тұрады. 80 данадан тұратын әйелдер сағатының жиынтығына ведомство – 880 000 теңге, ал ерлерге арналған 100 сағатқа – 1 100 000 теңге бөлмек.
Тапсырыс берушінің тағы бір шарты – сағаттың қабы болуы.
"Әрбір сағат төлқұжат пен сертификаты бар сыйлық қорабына салынуы керек. "ҚР ІІМ" логотипі мен "Маңғыстау облысы Полиция департаменті" деген жазуы болуы қажет", – деп жазылған техникалық сипаттамада.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметі өкілі ведомство мұндай сағаттарды ерекше көзге түскен құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлерге мереке күндері сыйлайтынын мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова