Ойыннан от шықты: отшашу атқан екі бала жарақат алды

Ойыннан от шықты: отшашу атқан екі бала жарақат алды
Фото: depositphotos.com

Түркістан облысында отшашу атқан екі бала жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 31-арнаға сілтеме жасап. 

Саусағы мен білегі күйіп қалған жеткіншектерге қазір дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр. Ақ халаттылардың айтуынша, науқастардың өміріне қауіп жоқ. Жақын күндері амбулаториялық емге жіберіледі деп отыр. Оқыс оқиға Сарыағаш ауданында түнгі уақытта болған.

6 және 10 жастағы оқушылар базардан алған пиротехниканы қызық көріп жаққан. Бірақ отшашу бірден атылып, жалын жан-жаққа шашыраған екен. Салдарынан екеуі де зардап шекті. Төтеншеліктер қауіпті тауар туралы жеткіншектер ата-аналарына айтпаған және дұрыс қолданбаған деп отыр.

Өртсөндірушілер Жаңа жылдық мерекеде тұрғындарды сақ болуға шақырады. Өйткені пиротехника - ойыншық емес. Оны пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Жалпы, отшашуды балконнан немесе терезеден, ағаштарға және электр желілеріне жақын жерден атуға болмайды. Ережені елемегендерге 86 мың теңге әкімшілік жаза қарастырылған.

"Мұндай бұйымдарды пайдалану тек ересектердің қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып қолданылады. Пиротехникалық бұйымдарды адамдар көп жиналатын орында және тұрғын үйдің маңында қолдануға тыйым салынады. Қауіпсіздік жағдайларын елемеу ауыр жарақаттарға немесе қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ата-аналар балаларына ерекше көңіл бөлуге тиіс", - деді Түркістан облысы ТЖД. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget