- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ойын алаңы орнына...
Ойын алаңы орнына букмекерлік кеңсе салынған. Көкшетауда тұрғындар мен құрылыс компаниясы дауласып жатыр
Көкшетауда көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары екі жылдан бері ойын алаңы салынбағанына наразы. Олардың айтуынша, ойын алаңы салынуы керек орында жұмысты аяқтамаған мердігер компанияның құрылыс жұмыстарынан қалған қоқысы мен оның маңына букмекерлік ойын кеңсесі орналасқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Баспана иелерінің сөзінше, тұрғын үйдің алдында жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес балалар ойын алаңы болуы қажет. Бірақ оның орнында құрылыс компаниясынан екі жыл бұрын қалған қоқыс үйіндісі әлі күнге жатыр. Сонымен қатар, тұрғын үйдің ауласында букмекерлік ойын кеңсесі орналасқан.
"Бұл үйге 2021 жылғы сәуірде қоныс тептік. Құрылыс қоқысы сол кезден бастап төгілмеген күйі жатыр. Баспанамыз суық болып құрылыс салушы "Строй Хоум" ЖШС-не бірнеше мәрте шағымдандық. Ақыры былтыр компания үйдің шатырын жылытып, үйіміз біршама жылып қалды. Бірақ бүгінге дейін балалар ойын алаңын салдыра алмай келеміз. Балаларымыз көрші үйдің ауласындағы ойын алаңына барып ойнайды. Құрылыс сметасына сәйкес балалар ойын алаңы осы құрылыс қоқысы төгілген жерде салынуға тиіс екен. Оны біз кейінірек, былтырғы қарашада ғана білдік. Оған жапсарлай осыған дейін құрылысшылар тұрып келген букмекерлік ойын кеңсесі салынған. Тиісті талабымызды орындата алмай жүрміз. Биыл сәуірде тұрғын үйдің кепілді мерзімі де бітеді. Енді жергілікті қалалық әкімдікке шағымданбақпыз", - дейді осы үйдің тұрғыны Әйгерім Төлепова.
Бұл мәселе жөнінде құрылыс компаниясының басшысымен де сөйлесіп мән-жайды анықтамақ болдық. Құрылыс иесі балалар ойын алаңына қатысты өз уәждерін жеткізді. Оның айтуынша, осыған дейін өзімен қызметтес болған, осы үйден баспана алған құрылыс директоры тұрғын үй құрылысынан қаржы алмағандықтан тұрғындарды өзіне қарсы айдап салған. Құрылыс компаниясы басшысының айтуынша, осыған дейін қоқысқа көміліп жатқан жерді жөнге келтіріп үй салған.
"Букмекерлік ойын кеңсесінің орнында осыған дейін дүкен орналасқан. Ол орынның балалар ойын алаңына еш қатысы жоқ. Қазір букмекерлік ойын кеңсесі орналасқан. Тұрғын үй салқын болғандықтан былтыр шатырын жөндеп жылыттық. Ал үйіліп жатқан қоқыстың екі жыл бұрын төгілмегені де жалған. Ол тұрғын үйді жылыту жұмыстарынан қалған. Күн жылыған соң қоқысты төкпек болдық. Қаласа ойын алаңын салып беремін. Бірақ тұрғын үйде көлік қоятын тұрақ қалмайды. Егер қажет деп тапса, еш қиындығы жоқ. Ойын алаңын салып та бере аламын. Мұның бәрі - осыған дейін бізде құрылыс директоры болған адамның шығарып отырғаны. Құрылысқа еш қаражат салмай-ақ ол түскен қаржыдан үлес алмақ болды. Қаражат тимегендіктен сол үйдің тұрғындарын маған айдап салып отыр. Біз оған осы үйден тұрғын үйдің бағасынан төмен бағада баспана да бергенбіз. Бірақ осындай әрекетке барып отыр. Букмекерлік ойын кеңсесінің қатысы жоқ екенін қаланың сәулетіне жауапты құзыретті органда мойындап отыр", - дейді "Строй Хоум" компаниясының басшысы Думан Бөлегенов.
Тұрғындар мен құрылыс компаниясының арасындағы даулы мәселе жөнінде Көкшетау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі өкілдерінен де ресми пікір білдіруін сұрадық. Олар да букмекерлік кеңсенің балалар ойын алаңы орнына салынбағанын мәлімдеді.
"Жобаға сәйкес уәде етілген балалар ойын алаңы Сүлейменов көшесі 8 В мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласында яғни 1-6 осьінде, аула бойына жобалаған. Букмекерлік кеңсе осы үйдің ауласында 8В мен 9 үйлердің арасында орналасқан. Сәйкесінше, балалар ойын алаңының орнына коммерциялық нысан салынған деу шындыққа жанаспайды және жалған", - дейді бөлім басшылығы өкілі.
Қазір бұл үй тұрғындары жергілікті қала әкімдігінен бастап басқа да құзырлы органдарға осы даулы мәселе бойынша шағымдануға ниеттеніп отыр.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова