Депутат Магеррам Магеррамов кейінгі кезде оқушылар ChatGPT-дің көмегіне әбден жүгініп алғанын, сондықтан өздері ойланбайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, оқу барысында балалардың жасанды интеллектті қолдануы - ерекше назар аударуды қажет ететін мәселе.
"Бүгінде ChatGPT танымал болып келеді, ол мектеп бағдарламасын, жаттығуларды шешуге, романдардың қысқаша мазмұнын жазып беруге қауқарлы. Бұл тәсіл сыни тұрғыдан ойлау қабілетін төмендетеді, алған білімге теріс әсер етеді, салдарынан маңызды шешімдерді өз бетінше қабылдау қиындайды. Бұл қарқынмен еліміз зияткерлік әлеуетін жоғалтады. Тез әрекет ете алмайтын, өмірдегі күрделі міндеттерді шеше алмайтын ұрпақ тәрбиелейміз", - деді депутат.
Магеррамовтың сөзінше, жуырда Еуропалық Парламент жасанды интеллектті пайдалануды шектейтін заң қабылдаған.
Аустралия мен АҚШ-тың кейбір штаттарында да әлеуметтік желіні пайдалануда жас шектеулерін қарастыратын заңдар қабылданған. Депутат Қазақстан да шұғыл шара қабылдау керек деген пікірде.
Еске салайық, бұған дейін депутат, бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жасанды интеллект мұғалімдерді алмастыра ала ма деген сұраққа жауап берді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!