"Отыз жылдан бері орнын босатпай отыр": Ауыл тұрғындары зейнет жасындағы бас дәрігердің жұмысына наразы

Абай облысының орталығы Семейден 300 шақырым жерде орналасқан Қайнар ауылындағы аурухананың зейнет жасындағы бас дәрігері қалада тұрады. Ауыл тұрғындары бұған наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Өзі Семейде тұрады. Тіркеуі де сонда. Ауылдағы аурухананы онлайн, яғни телефонмен басқарып отыр. Ауылға келмейді. Қаладағы үйіне барып, құжаттарға қол қойдырамыз. Бүкіл қаланы аралап жүріп үйін іздейміз. Бұл кісі зейнеткер. Отыз жылдан бері орнын ешкімге бермей отыр. Халыққа жаны ашыса, ақшасының бір бөлігін аз жалақы алатын санитарларға, еден жуушыларға берсін" дейді атын атағысы келмеген ауыл тұрғыны.


Бұл аурухананың жұмысын осыдан екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов те сынға алған болатын. Аймақ басшысы медициналық мекемені аралағанда шкафтың есігі әкімнің көз алдында құлап түскен еді. "Бұл не сұмдық? Үйіңізде тазалық бар ма? Мына ауруханаға неге өз үйіңіздей қарамайсыз?" деп сын садағына алған еді сол кезде әкім аурухананың бас дәрігерін.
Айта кетейік, бұл аурухана Абыралы өңірінің 2500 тұрғынына қызмет көрсетеді. Қайнар ауылы бұрын Абыралы ауданының орталығы болған.


Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!