Отырыста тамақ көп жеп қойсаңыз, не істеуге болады?

Мерекелік демалыста адамдар бір-біріне қонаққа жиі барады. Әдетте, үй иесі қонақты мол дастарқанмен күтіп алады. Көзіңіз қызығып, тамақты қалай көп жеп қойғаныңызды білмей қалуыңыз мүмкін. Ендеше, асқазандағы ауыртпалықты кетіру үшін не істеуге болады? Толығырақ Massaget.kz материалында.

Неліктен біз артық тамақтанып қоямыз?

Дастарқанда әртүрлі және көп тамақ тұрса, адамға өзіне ғана қажетті порциясын жеу қиынға соғады. Себебі адам барлық тағамның дәмін көргісі келеді, сондай-ақ ол басқа адамдармен әңгіме айтып, алаңдап, тамақ ішу процесіне назар аудармайды. Мұндай кезде адам жалғыз отырып тамақтанғанға қарағанда екі есе көп тамақ жеп қояды. Сонымен қатар егер адам оның алдында ұзақ уақыт бойы тамақ жемеген болса (мысалы, таңғы ас ішпеген болса), ол әдеттегіден көп тамақтанады. 

Артық тамақтану несімен қауіпті?

Артық тамақтану салдарынан асқорыту аурулары, мысалы, гастрит, колит, панкреатит дамуы мүмкін. Сонымен қатар егер сіз үнемі шамадан тыс тамақтансаңыз, артық мөлшерде тамақ ішсеңіз және оған қоса ол калориялы өнімдер болса, ол семіздікке әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде денсаулықтың әртүрлі проблемаларын, соның ішінде жүрек қызметінің бұзылуы және 2-типті қант диабеті дамуының қаупін арттырады.

Артық тамақтанып қойғаныңызды қалай білуге болады?

Шамадан тыс тамақтанудың себептері қандай болмасын, тым көп тамақ жеу өзіңізді нашар сезінуге әкеледі. Іш ісініп, ауыра бастайды, адамның жүрегі айнуы мүмкін, тіпті құсуы мүмкін. Сонымен қатар қыжыл, асқазанда ауырлық сезімі пайда болуы мүмкін. Бұл жағымсыздық ұйқышылдық пен әлсіздік сезімімен, ештеңе істегісі келмеумен және апатиямен бірге жүруі мүмкін.

Артық тамақтанып қойсаңыз, не істеу керек?

Физикалық белсенділік

Артық тамақтанып қойғаныңызды сезген кезде жатпаңыз, мұндай кезде жату қыжылды немесе басқа да белгілерді ушықтырып жіберуі мүмкін. Оның орнына сәл созылыңыз. Өте белсенді жаттығулар да жасауға болмайды. Ең дұрысы - серуендеп келу.

Бір стақан су

Шамадан тыс тамақтанғаннан кейін су ішу өзіңізді жеңіл сезінуге көмектеседі. Газсыз және басқа қоспасыз суды таңдаңыз. Газдалған сусындар ісінуді және басқа да жағымсыздықты арттырады.

Таза ауа

Тым көп тамақтанудан соң жүрегі айнитын адамдар үшін далаға шығып келу немесе терезенің жанында тұрып таза ауамен демалу пайдалы.

Арнайы дәрі-дәрмек

Асқазандағы ауыртпалықты кетіретін дәрі-дәрмектер бар. Алайда оларды көп ішуге болмайды. Сондай-ақ оларды көбіне тойып алғаннан кейін емес, тамақтанбай жатып ішу тиімді. Десе де, кез келген дәрі-дәрмекті тек дәрігер кеңесімен ішкен дұрыс.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!