2017 жылы Қазақстанның елордасы Астана қаласында ТМД елдері мен Орталық Азия аумағындағы ең алғашқы Халықаралық ЭКСПО көрмесі өтетіндігі баршаға мәлім. Аталмыш ірі шараға Астанамен қатар, мемлекетіміздің барлық аймақтары мен туристік маңызы бар ұйымдар да қызу дайындалып жатыр. Солардың бірі - Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі. Бұл жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
Келер жылы өтетін көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен 2 - 3 млн-нан астам турист келеді деп жоспарлануда. Ел қонақтарының біраз бөлігі елорда аймағымен шектеліп қана қоймай, кең байтақ мемлекетіміздің өзге өңірлерінің мәдениеті және тұрмысымен терең танысуға ниет білдіретіндігі анық.
Сондай келушілер үшін Отырар мемлекеттік археологиялық қорық- музейі арнайы бағдарламалар дайындауда. Олардың біріне тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 1990 жылғы бастамасымен салынған мұражай ауласындағы «Қоржын үй» тарихи этно-мәдени кешенін қайта жаңғырту жұмысы жатады.
Кешен құрамына ежелгі дәуірлерден сақталған баспана түрлерінің бірі жер кепе, керамика және темір ұсталарының шеберханасы, қоржын үй енеді.