- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Отставкаға кетіңіз!" Министр...
"Отставкаға кетіңіз!" Министр мұғалімдерге жауап берді
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев отставкаға кету мәселесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
БАҚ өкілі министрге "Қоғамда мұғалімдер сіздің отсавкаға кетуіңізді талап етіп жатыр. Олардың пікірінше, сіз аттестация тапсыруды қиындатып жіберіпсіз. Сіз отставкаға кетесіз бе?" деп Мәжіліс отырысынан соң сауал жолдады.
Ғани Бейсембаев бұл мәселеден хабары бар екенін жеткізді.
"(Аттестацияның ережесі) "Ашық АНҚ" порталында жарияланды. Ондағы құжаттарды мұқият оқысаңыздар, ондағы негізгі идеология – оқушының жетістігі арқылы мұғалімнің жетістігін бағалау. Бұған дейін аттестация негізінен мұғалімдердің портфолио жинауына, өзінің жетістіктеріне ғана негізделген болатын.
Осыған дейін де аттестацияға өте көп сын айтылды. Айтылған сынның бәрін жаңа ережеде ескердік. Сондықтан мұнда біз балаларға сапалы білім беруді, саналы тәрбие беруді көздеп отырмыз. Аттестация ережесі мен жобасы ұстаздар мен педагогтардың талабына сәйкес келеді", - деді министр.
Оның пікірінше, ол жұмыстан кету-кетпеуді өзі шеше алмайды екен.
"Жалпы кез-келген министрді тағайындау немесе отставкаға жіберу Мемлекет басшысының қолында. Сондықтан бұл мәселе менің құзыретіме кірмейді", - деді министр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бір топ мұғалім Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа ашық хат жазып, Оқу-ағарту министрін отставкаға жіберуді талап еткен еді.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова