Отшашу сатып алғанда не нәрсеге назар аудару керек?

Пиротехника бұйымын сатып алғанда не нәрсеге назар аудару керек? Жаңа жылда отшашу атамын деп, от басып жүрмеңіз. Полицейлер елімізде пиротехника бұйымдарын заңсыз сатқан 90-ға жуық жағдайды анықтады. Мереке қарсаңында олар отшашу сататын барлық сауда нүктелерін қатаң тексеруге кіріскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Заң бұзуды анықтаумен мыңнан аса рейд тобы айналысып жатыр. Олар бүгінге дейін 100 қорапқа жуық және 700 данадан аса сертификатталмаған өнімді тәркілеген. Ішкі істер министрлігі мереке күндері оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында жасалған бірден бір маңызды шара осы дейді. Ал тәртіп сақшылары отшашу аларда сәйкес сертификаты мен нұсқаулыққа мән беріп, өнімді тек лицензиясы бар дүкендерден алу керек екенін ескертті.

"Пиротехниканы, яғни петарда, фейерверк, бенгаль оттарын сатып алу кезінде сатушылардан өнімге сәйкес сертификатын талап ету керек. Әрбір пиротехника бұйымында мемлекеттік және орыс тілінде қолдану жөніндегі толық нұсқаулық болу міндетті. Нұсқаулықпен танысқан кезде сақтау мерзіміне ерекше назар аудару қажет. Егер өнімнің мерзімі өтіп кеткен болса, оны пайдалануға қатаң тыйым салынады", - деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор Ақтоты Боранова.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!