- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Отшашу, батпырауық ұшыру...
Отшашу, батпырауық ұшыру және пиротехника шоуы. Шет елдерде Тәуелсіздік күні қалай тойланып жүр?
Massaget.kz тілшісі шет елдерде Тәуелсіздік күні қалай тойланатынына шолу жасады.
АҚШ - пиротехника мен отшашуға толы шоу
Биыл 4 шілдеде Америка Құрама Штаттары Тәуелсіздігінің 247-жылдығын атап өтті. 1776 жылы 4 шілдеде екінші континентальды конгресс бірауыздан Тәуелсіздік декларациясын қабылдап, Солтүстік Америка колонияларының Ұлыбританиядан бөлінгені жарияланған болатын.
АҚШ-та мерекеге орай пиротехникалық шоулар жасау - Тәуелсіздік күнін мерекелеудің маңызды бөлігі болып кеткен. Бұл туралы АҚШ тәуелсіздігі үшін соғысының көрнекті қайраткері, бірінші вице-президент және АҚШ-тың екінші президенті Джон Адамс 1776 жылы 3 шілдеде әйелі Эбигейлге жазған хатында айтып кеткен. Ол хатта "АҚШ тәуелсіздігінде шеру өткізіліп, түрлі ойын, спорттық жарыстар, осы континенттің бір шетінен екінші шетіне дейінгі қару-жарақ даусы естіліп, отшашулар болуы керегін" және сол сәттен бастап мәңгілік солай тойлануы керегін айтады.
АҚШ-тың пиротехникалық қауымдастығының мәліметінше, 2000 жылы америкалықтар отшашуға 407 миллион доллар жұмсаса, 2022 жылы бұл сома 2,3 миллиард доллар болған. Егер АҚШ-та болып, Тәуелсіздік күнінде ерекше отшашуды тамашалағыңыз келсе, саяхатшылар Нью-Йорк, Чикаго, Сан-Франциско немесе Вашингтон қаласында атап өтуді ұсынады.
Аустралия - әр қалада өзінің "стилімен" тойланады
Аустралия Тәуелсіздік мерекесін 26 қаңтарда тойлайды. Жалпы бұл күні Тәуелсіздік күні емес, Аустралия күні деп атап өтіледі. Бірақ бұл күн ауқымды түрде атап өтіледі. Мерекелік бағдарламада барбекю, регат (желкенді немесе ескек есу жарысы) және пикник жасалады.
Аустралиядағы Тәуелсіздік күнінде әр қала әртүрлі "стильде" тойлайды. Мысалы Сиднейде қайық жарысы өтсе, Мельбурнде People’s March ұйымдастырылады. Бұл шарада Австралия халқының әртүрлілігін көрсетуге арналған марш өтеді. Ал Перт қаласында көбіне отшашу шоуы өтеді. Егер елдің басқа қаласында болсаңыз да ішіңіз пыспасы анық - себебі Аустралияның Тәуелсіздік күні әр қаласында ерекше тойланады.
Франция: Эйфель мұнарасындағы отшашу
Көптеген ел басқа елдерден тәуелсіздік алуын атап өтсе, Франция өз патшасының озбырлығынан босатылғанын атап өтеді. 1789 жылы 14 шілдеде Ұлы француз революциясы кезінде Бастилия түрмесі басып алынды, бұл көтерілістің алғашқы және негізгі эпизодтарының бірі болған еді. Бұл мерекенің маңыздылығына қарамастан Тәуелсіздік күні жылдар бойы тойланбай жүрген еді. Тек ХІХ ғасырдың соңына қарай жағдай өзгере бастаған. Сол кезден бастап алғашқы фестивальдер мен шерулер өткізіле бастаған.
Қазіргі таңда Францияда Тәуелсіздік күні көбі Елисей алқабындағы әскери парадтан басталады. Одан бөлек, музыкалық фестивальдер өтіп, түрлі кештер мен балдар өтеді. Ал 23.00-де Эйфель мұнарасында музыкалық шоу мен отшашу әдетке айналған.
Перуде мереке екі күн бойы тойланады
Перуліктер Тәуелсіздік мерекесін екі күн бойы тойлайды. 28 шілдеде Хосе де Сан-Мартин Перудің тәуелсіздігін жариялаған күн тойланса, 29 шілдеде Ұлттық полиция мен қарулы күштер күні атап өтіледі.
Мереке артиллериялық отшашудан басталады. Перуліктер де көп сағатқа созылған шеруге шығып, онда мыңдаған адам ерекше костюмдармен қатысып, бір-біріне мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Үндістанда Тәуелсіздік символы - батпырауықтар
1947 жылы 15 тамызда Үндістан британдық биліктің аяқталғанын жариялады және колония болып саналмады. Жыл сайын миллиондаған үндістандықтар Тәуелсіздік күні үйін, кеңсені тіпті мектепті елдің туындағы түстермен безендіред. Мерекеге орай мемлекеттік әнұран айтылатын салтанатты рәсімдер болып, содан кейін Нью-Делиде тудың көтерілуін тікелей эфирден тамашалайды.
Бір қызығы Үндістанда батпырауықтар бостандық пен еркіндік символы болып саналады. Сондықтан мереке күні мыңдаған батпырауық аспанға ұшырылады. Бұл дәстүрді қолдауға кез келген тұрғын қатыса алады. Себебі кез келген дүкенде Тәуелсіздік күні батпырауық көптеп сатылады.
Қазақстанның түкпір-түкпірінде де мерекеге орай түрлі шара өтеді
Айта кетейік, Қазақстанның түкпір-түкпірінде де мерекеге орай түрлі шара өтеді. Мысалы бүгін Алматыда тәуелсіздік күнінде қандай шаралар өткізілетіні белгілі болды.
Биыл Қазақстан Тәуелсіздік күнінің 32 жылдығын атап өтеді. Маңызды күнді мерекелеу қарсаңында Алматыда бірқатар мәдени, ресми, спорттық іс-шаралар өтеді. Сондай-ақ түрлі фотокөрмелер мен дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
- 13 желтоқсан күні сағат 11.00 - де Bastau ойын-сауық кешенінде Алматы ардагерлер кеңесі арасында "Бостандық ауданы әкімінің кубогы" үшін бильярдтан турнир ұйымдастырылды.
- Бұл күні сағат 15:00-де Инновациялық шығармашылық орталығында (Шұғыла ш.а 347/4) зиялы қауым өкілдері мен желтоқсаншылардың қатысуымен "Елімнің бақытын тербеген - Тәуелсіздік!" атты дөңгелек үстел өтті.
- 15 желтоқсан күні сағат 11:00-де Дәстүрлі музыка мультимедиялық орталығында Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен "Тәңір сыйы – Тәуелсіздік" атты кездесу ұйымдастырылды, дәл осы уақытта Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайында "Тәуелсіздік – ел мерейі" тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
- Сағат 15:00-де Қонаев мұражайында "Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тірегі" атты фотокөрме өтті. Көрмеге мұражай мұрағатынан Алматы қаласының ғимараттары мен мәдени ошақтарының фотосуреттері қойылды.
- Сағат 15:00-де Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатында "Тәуелсіздік – аппақ таным арайлы" атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
- Сағат 19:00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің концерті өтті.
- 16-18 желтоқсан аралығында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін К.Әзірбаев атындағы №15 жалпы білім беретін мектепте барлық санаттар арасында классикалық пауэрлифтинг және классикалық стендтік пресс бойынша Алматы қаласының ашық чемпионаты өтеді.
- 18 желтоқсан күні сағат 12:00-де Alatau Creative Hub-та "Тәуелсіз елдің ұрпағы" зияткерлік ойыны өтеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина