"Өтірік жала жапты". Әуежайды басып алу ісіне қатысты Әйгерім Тілеужанова 4 жылға бас бостандығынан айырылды

Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу ісі бойынша сотталушыларға қандай айып тағылды? Бұл істің прокуроры оларға қандай жаза тағайындалуын сұрады? Massaget.kz тілшісі бұған қатысты шолу жасады. 

11 шілдеде Алматыда қаңтар оқиғасында Алматы әуежайын басып алу ісі бойынша сотталушыларға үкім жарияланған еді. Айыпталушылар тарапында төрт ер адам мен бір әйел болды.  

Сотталушыларға қандай айып тағылды?

Әйгерім Тілеужанова ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 1-бөлігі "Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ, билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру" бойынша кінәлі деп танылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, орташа режимдегі колонияда өтейтін болды. Әйгерім Тілеужанова сот залында қамауға алынды.

Сотталушылар Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилебаев және Жанайдар Кәрменов барлық айыптау бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі колонияда өтейтін болды.

Сотталушы Қалас Нұрпейісов ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 1-бөлігі "Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ, билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру", 200-бабы "Автокөлікті немесе өзге де көлік құралын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену", 191-бабы "Тонау", 269-бабы "Ғимараттарға, құрылыстарға, байланыс және коммуникация құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" бойынша айыпталды.

Нұрлан Дәлібаевқа ҚР Қылмыстық кодексінің 272, 200 және 269-баптары бойынша айып тағылды.

Ермұхамет Шилебаевқа ҚР Қылмыстық кодексінің 272 және 269-баптары бойынша айып тағылды.

Жанайдар Кәрменовке ҚР Қылмыстық кодексінің 272 және 269-баптары бойынша айып тағылды.

©️ Tengrinews.kz

Прокурор қандай жаза талап етті?

Бұған дейін прокурор қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алу ісі бойынша айыпталушыларды 5 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Прокурордың сот талқылауы барысында айтуы бойынша, қаңтар оқиғасы күндері айыпталушылар әуежай мен "Қазаэронавигация" жұмысын бұзып, "апатты зардаптарға" әкелуі мүмкін, сондай-ақ, апат пен ұшақ апаттары қаупін тудырған.

"Нұрпейісов Тілеужановамен қоса бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, аумақта және әуежай ғимаратында тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, оның барысында көлік құралын заңсыз басып алып, бөтеннің мүлкін ашық талан-таражға салған, сонымен қатар, Шилебаев, Дәлібаев, Кәрменов және басқа да жаппай тәртіпсіздікке қатысқандармен бір топта әуежайдың стратегиялық объектілері мен "Қазаэронавигация" ғимараттарына шабуыл жасап, басып алған. Олар мемлекет қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіптің қауіпсіздігіне нұқсан келтірді және ең бастысы, әуе кеңістігінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірді, бұдан кейін мүлікті жоюмен және ұрлаумен қатар жүретін аса ірі залал келтірді", - деді прокурор.

Адвокаттар не дейді?

Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханова бұл істе 41 куәгердің 13-і Тілеужанованың ісіне қатысты куәлік бергенін айтты. Оның айтуынша, олардың ешқайсысы Әйгерімді айыптап, оны тәртіпсіздіктің белсенді қатысушы ретінде тани алмаған.

"Әйгерім өздеріне ешқандай бұйрық бермегенін айтты. Тіпті бір куәгер "мүлдем көрмедім" деді. Сонымен қатар, Нұрлан Дәлібаев пен Қалас Нұрпейісов тергеушілердің "егер Тілеужанға қарсы куәлік етсе, процессуалдық келісімге келуге болатынын айтқанын" жеткізді. Яғни, барлық куәгер сотта өздерінің берген куәліктері жалған екенін айтса да, сот Әйгерім Тілеужанға 4 жыл кесті", - деп келтірді оның сөзін "Азаттық радиосы". 

Ал Қалас Нұрпейісовтің адвокаты Абзал Айдархановтың айтуынша, қорғалушы айыпталған тармақта көлікті өмірге не денсаулыққа қауіпті емес жағдайда күш қолдану арқылы алып кету жайлы жазылған. Бірақ видеода Қалас Нұрпейісовтің күш қолданып жатқан әрекеті мүлде жоқ.

"Әуежай ауласында тұрған көлікке отырып жүріп кетеді. Иесі бес-он метр жерде қарап тұрады. Сот кезінде көлік иесі өзіне ешқандай қысымның, қорқытудың болмағанын айтты. Видеода да көрініп тұрды. Әрине, біреудің машинасына рұқсатсыз отырып, айдап кетті. Бірақ күш қолданбады ғой. Соны "күш қолданды" деп өтірік жала жапты", - деді ол. 

Нұрлан Дәлібаев пен Ермұхамет Шилібаевтың адвокаты Шыңқуат Байжанов да айыпталушыларға қарсы нақты айғақтардың жоғын жеткізді. 

"Менің қорғауымдағы Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев тағылған айыптың ең негізгісі – әуежайға шабуыл жасау (269-бап). Шабуыл жасау дегеніміз не? Ол – бір мекемені қарумен барып басып алу. Ал ең негізгі айғақ - әуежайдың ішінен түсірілген видеожазбалар. Бәрін көрдік, судьяда қарап отырды. Ол жерде ешқандай басып алу жоқ. Тек жиналып ғимаратқа кіріп, адамдармен сөйлесті де шығып кетті, болды. Ол жерде ешқандай шабуыл болған жоқ. Қылмыстық кодексте 269-1-бап ("Күзетілген объектіге заңсыз кіру") бар. Сол күні әуежайда күзет болмаған соң ондаған адамның әуежайға заңсыз кіруін осы баппен алмастыруға болар еді. Яғни, заңсыз кірді де, қайта шығып кетті. Сол бойынша Қаласқа бес жыл жаза тағайындап, амнистияға іліндіруге болар еді. Мен тіпті судьяға ғимартқа шабуыл жасау мен заңсыз кірудің айырмашылығын қағазға шығарып тұрып апарып бердім. Бірақ судья оған назар аудармады", - деді ол "Азаттық радиосына" берген жаубында. 

©️ Tengrinews.kz

Сотталушылар сөзі қандай?

Әйгерім Тілеужанова сот үкіміне наразылығын айтты. 

"Ешқандай "жаңа Қазақстан" жоқ. Бұл істеп отырғаны әділетсіздік. Бірақ бас имеймін, тізе бүкпеймін. Отырып шығамын. Күрес әлі жалғасады. Бұлар Асыловты (бас прокурор Берік Асылов - еск.) ақтап алу үшін бізді соттады. Бұл жерде алдымен "20 мың террорист келді" деген Тоқаев пен бізді "экстремистік ұйымның мүшесі" деген Асылов жалған ақпарат таратқаны үшін сотталуы керек еді", - деді Әйгерім Тілеужан журналистерге берген жауабында

Желідегі резонанс 

Кейін Желіде бұл іс резонанс тудырды. Желі қолданушылардың басым бөлігі айыпталушыларды босату керегін алға тартса, енді бірі сот үкімін жақтап, жазба жариялады. 

Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов Facebook-парақшасында бұл оқиғаға қатысты пікірін жазған. 

"Кеше сот Алматы әуежайын басып алуға қатысушыларға үкім шығарды. Бір жағынан, сол күндері болған оқиғаларды тағы бір көз алдымызға елестетсек, аталмыш шабуыл қандай да бір ауыр психологиялық қысым толқынында болды деп топшылауға болады. Екінші жағынан, мұның бәрі сол кездегі жалған ақпараттың тарауы мен түрлі заңсыз шақырулардың әсерінен болуы әбден мүмкін. Осындай белгісіздік пен дүрбелең кезде шалыс қадамға бару жолдары орын алды. Әлі де болса бұл оқиғалардың дұрыс бағасы берілуге тиіс. Дегенмен заң шеңберінде жауапқа тарту - бұл сол әрекеттердің салдары. Сайып келгенде, болашақта кез келген заңсыз әрекеттердің алдын алу қажетті шара", - деп жазған ол. 

Журналист Ержан Жаубай да бұл туралы ойындағысын айтты. 

Екінші "Қаңтар оқиғасы" болмауы үшін бірінші "Қаңтар оқиғасына" қатыстылар әділ жазалануы керек", - деп жазған ол Facebook-парақшасында . 

Ал сотталушылардың бірі Әйгерім Тілеужанованың құрбысы журналист Баян Хасанова шешімнің әділ болмағанын алға тартты. 

"... Өте білімді, жан-жақты, мәдениетті. Ал жүрегі... Қазақты қалай жақсы көретінін білсеңіздер ғой... Оның әділет дегенде көңілі алабөтен еді. Сол көңіліне кірбің түсіргім келмегендіктен мен Әйгерімге шегін деп айта алмадым. Әділет үшін күрес жолына өз еркімен түсті. Жан қалауымен. Міне, нағыз құрметке лайық тұлға. Соңына дейін шартты жаза беретін шығар деп үміттендім. Ақталатын да шығар деген ой болды. Себебі ол онсыз да ақ қой", - деп жазған ол Facebook-парақшасында. 

Баян Хасанованың айтуынша, құрбысы армандаған әділеттің орнайтынына сенетінін жеткізді. 

"Бірақ қиянатшыл қолдар менің кіп-кішкентай құрбымның қолына кісен салды. Видеоны соңына дейін көруге дәтім жетпеді. Көзімнің алды бұлдырап кетті... Бірақ мен сенемін. Әйгерімнің бостандыққа шығатынын да, ол армандаған әділеттің орнайтынына да... Әйгерімдей өр рухты күрескер жандар бізді оған бір қадам жақындата түсетініне де! 21-ғасырдағы нағыз қазақ әйелінің бейнесі кітапқа түссе, бірінші Әйгерімнің тағдырынан бастау керек! Азат ойлы, білімді, сауатты, мәдениетті, жанашыр, қазақты риясыз сүйетін жан! Ұрпаққа Әйгерімді үлгі ету керек! Әйгерімдер қазақта көп болса, бәріміздің көкейіміздегі арман орындалады!" - деді ол. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қаңтар оқиғасында Алматы әуежайын басып алу ісі бойынша сотталушыларға үкім жарияланған еді. Айыпталушылар тарапында төрт ер адам мен бір әйел болды.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!