Ақтөбенің сүт зауыты аумағындағы саяжай тұрғындары екі жылдан бері жарықсыз отыр. Тұрғындардың бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Ал әкімдік пен тиісті орындар мәселені шешуге асығар емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаланың іргесіндегі "Өрт сөндіру бөлімі" аталатын саяжай учаскесіндегі отызға жуық үйдің тұрғындары екі жылдан бері жарықтың зардабын тартып келеді. Редакцияға хабарласқан көп балалы аналар жанайқайын айтты. Айтуларынша, электр жарығының қуаты аз. Тұрғындар электр құрылғыларын мүлде қолдана алмайды. Кеш батса, май шам жағуға мәжбүр. Осы саяжайда он жылдан бері тұратын Айнұр Батенова әбден қиындық көргенін айтады.
"Кеш батса жарық сығырайып тұрады. Сығырайған жарық көзді, басымызды ауыртады. Амал жоқ май шам жағып, телефонның жарығын қолданамыз. Тіпті қиналып кеттік. Сүт, ет сақтай алмаймыз. Балалар ет жегісі келеді. Екі қойдың етін шірітіп алдым. Электр қуатының әлсіздігі сондай тіпті үтікті қыздырмайды. Біз сияқты қанша отбасы бар. Барлығының көрген күні - осы. Бес балам бар. Оқу басталды, балалардың киімін үтіктеп, сабаққа дайындай алмаймыз. Әбден шаршадық. Өткен ғасырда қалып кеткен секілдіміз. Бізді тыңдап жатқан ешкім жоқ", - дейді Айнұр.
Көпбалалы ана Ажаргүл Елубаева да Айнұрдың сөзін қостады.
"Қанша техниканы жандырдық. Электр қуаты өте әлсіз. Ертедегі малшылардың күйін кешіп отырмыз. Май шам жағамыз. Төрт балам бар. Екеуі мектепке барады. Кешкілік сабақ оқи алмайды. Тіпті қуат кір машинаны айналдыра алмайды. Бұл аймақта әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар тұрады. Мұңымызға құлақ түрер ешкім жоқ. Бізден басқа аумақтағы үйлердің барлығында электр қуаты күшті. Жарқырап жанып тұр. Тиісті орындар осы мәселені шешіп беруін сұраймыз", - дейді Ажаргүл.
Аумақтағы отызға жуық үйдің көрген күні - осы. Тұрғындардың мәселені айтып бармаған жері қалмапты. Қалаға жарық беретін "Энергосистема" мекемесі бұл аумақтың өздеріне қарамайтынын айтса, әкімдіктегілер мемлекеттің қарамағына өтуі үшін бір жыл уақыт керек екенін жеткізген.
Аталған мәселе бойынша Алматы ауданы әкімдігіне хабарластық. Аудан әкімі Медет Ысқақов бұл мәселемен таныс екенін айтты.
"Саяжай бау-бақша, егінге арналған. Өкінішке қарай халық үй салып, тұрып жатыр. Кезінде әркім өз беттерінше бағаналарды орнатып, тоқ жүргізіп алған. Мәселен, 50 үйге арналған трансформаторға 150 үй қосылып тұр. Ал трансформатордың қуаты оның барлығын қамтуға жетпейді. Бағаналардың барлығының иесі жоқ. Жүзге жуық трансформатордың 90 пайызы - иесіз. Мәселені шешу үшін қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі бұларды қарамағына алуы керек. Бау-бақша ұжымының төрағалары электр желісі мен бағаналардың, трансформаторлардың иесіз екенін айтып, арыз жазуы керек. Осыдан кейін бір жыл күтеді. Содан кейін ЖКХ өз қарамағына алады. Бұл жақын аралықта шешілетін шаруа емес", - деді аудан әкімі.
Сондай-ақ аудан әкімі саяжай ұжымдары бойынша бірлестік ашылғанын, қазіргі күні бау-бақша ұжымдарына су, электр жарығы, жол мәселесін шешу жөнінде жұмыс жасалып жатқанын айтты. Жалпы аталған ауданға қарасты 350 саяжай учаскесі бар. Оның 320-сында тұрғындар тұрып жатыр екен.
Кәмшат Сексенбайқызы
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!