- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Өткен бес айда...
Өткен бес айда Жетісу облысының экономикалық көрсеткіштері артты
Жетісу облысының өткен бес айда экономикалық көрсеткіштері артып, өндіріс, құрылыс, сауда сияқты негізгі салаларда өсім байқалды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің үйлестіруімен Ескелді ауданындағы "Тау Жетісу" туристік нысаны базасында өткен брифинг барысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, қазір облыс тұрғындарының саны 700 мың адамға жеткен, жер көлемі - 118 мың шаршы шақырым.
"Алматы облысының құрамынан бөлінгенде өңірімізде экономиканың құрылымына, бюджет кірісінің аз бөлігі қалғанына, тағы басқа объектив факторларға байланысты бірқатар көрсеткіш төмендеген еді. Дегенмен 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста барлық негізгі нысаналы индикаторға қол жеткізіліп, облыс аймақтар арасында төртінші көрсеткіш көрсетті", - деп атап өтті Бейбіт Исабаев.
Мәселен, облыста биыл 5 айда оң динамика арта түсті. Мысалға сауда 1,8 есеге, республикалық бюджеттің түсімдері - 2,8 есеге, құрылыс көлемі - 31,3 пайызға, өнеркәсіп өндірісі - 14,1 пайызға өсті. Жалпы, өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 39,3 пайызға жетті (ҚР - 36,5 пайыз). Биыл облыс бюджеті 486 миллиард теңгеге жетіп, 16 пайызға өскен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек