- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Өте улы зат":...
"Өте улы зат": ШҚО тұрғындары алтын қазатындар экологияны ластап жатқанына шағымданды
Табиғаты тұмса Күршім ауданының жұрты кейінгі жылдары алтын қазушылардың әрекетінен әбден шаршаған. Тұрғындар өзендегі балықтар қырылып жатқанын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жұртты алаңдатып отырғаны - Маралды маңында алтын өндіру фабрикасының салынуы. Жұрт бұған түбегейлі қарсы. ШҚО Экология департаменті мәліметіне сүйенсек, құрылысқа деп бекітілген жер телімі - 38,1 гектар. Ол ауылдан екі шақырым жерде орналасқан. Бірақ ауыл тұрғындарының сөзінше, бұл аралық тым жақын, осы уақытқа дейін жүргізілген қазба жұмыстары қазірдің өзінде ауаны әбден ластаған. Олар ең сорақысы алтын цианид қолдану арқылы өндірілетінін айтып шырылдайды.
"Химиялық қоспалардың бәрі соның құрамында. Цианид деген өте улы зат. Ол адам ағзасына біртіндеп зиян келтіреді де, ақыр аяғында жүйке жүйесін тұтастай зақымдайды. Фабриканың салынуына қарсымыз", - деп жазды Желі белсендісі Гүлнұр Сатыбалдықызы.
Маралды - тау бөктерінде орналасқан елді мекен. Тұрғындардың айтуынша, олар біртіндеп жоталарды үгітіп, жұмысқа қолайлы етіп жол салмақ. Кейінгі мәліметке сүйенсек, фабриканың құрылысы басталып кеткен. Ал жергілікті халық ішіп отырған ауызсу құрамы да өзгергенін мәлімдеп отыр.
Маралды тұрғыны Әділ Қожақовтың сөзінше, алтын қазушылар Күршім өзенін ластайды, ал ол артынша Ертіске құяды.
"Білгендерін істеп жатыр. "Фабрика салады" деген маңдағы екі бастаудың бірі ағып тұр, бірі бітелген. Бұрын қазылған жерлер сол күйі шұңқыр болып жатыр. Оған рекультивация жасалмады да. Былтыр "алтын қазуды бір айға тоқтатады" дегеннің өзінде жұмыс тоқтамады. Ластанған өзеннен мал су ішсе, ауыл жұрты, бала-шаға қырылады ғой", - деді ол.
Одан бөлек, тұрғындар осы жұмысты жүргізіп жатқан Maralicha Gold ЖШС өкілдері фабрика салынса, тұрғындар үшін жұмыс орындары ашылатынын желеу етіп отыр. Әділ Қожақовтың айтуынша, ауыл маңын қазып жатқандар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қолқа салуды жиілеткен. Келісімдерін берсе, ақшалай көмек көрсететінін алға тартқан.
Ал облыстық Экология департаменті басшысы Данияр Әлиев бұған дейін берген сұхбатында зерттеу жұмыстары нәтижесінде алтын қазудың халық өміріне зиян келтіріп жатқаны анықталмағанын айтты.
"Алматыдан арнайы мамандар келіп, сейсмикалық жағдайды сараптап, барлығы норма аясында екенін растады. Одан бөлек, өңірдегі "Қазгидромет" пен Экология департаменті жұмысы нәтижесінде су құрамында лас заттың нормативтен асатын концентрациясы табылмады", - деген еді ол.
Департамент басшылығы өкілдері жуырда осыған қатысты Маралды тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық тыңдалым өткізілетінін мәлімдеген болатын.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова