"Өте сұмдық жағдайдамыз". Ақмолалық тұрғындар 149 миллион теңге бөлінген құрылыс жұмысының аяқсыз қалғанына наразы

"Өте сұмдық жағдайдамыз". Ақмолалық тұрғындар 149 миллион теңге бөлінген құрылыс жұмысының аяқсыз қалғанына наразы
Фото: Автордан

Ақмола облысының Есіл ауданына қарасты Игілік ауылының тұрғындары дабыл қақты. Толассыз жауған жаңбырдан кейін екі жылдан астам уақыттан бері қазылған күйі қалған терең шұңқырларға қайта су толып салдарынан автокөліктер батып, ірілі-ұсақты мал құлап, көшелер майлы-батпаққа айналған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аудан орталығы Есіл қаласынан небары он шақырым жерде ғана орналасқан ауылға ауыз су құбырын тарту жұмыстары осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын басталған. Алайда, бюджеттен 149 миллион теңге қаржы бөлінген жұмыстың арты сиырқұйымшақтанып сол күйі аяқталмай қалған. Қазылған күйі қалған шұңқырларға мал түсіп кетіп мертіккендері де болған, жолдары терең шұңқырға айналған ауыл тұрғындары жолдан мүлде жүру мүмкін болмайтын халге жеткенін айтады. Мал түгіл адам түсіп кетіп жатқанын айтқан тұрғындар ащы жанайқайы биліктің құлағына жетпегеніне наразы. 

"Өте сұмдық жағдайдамыз. Осыдан екі жыл бұрын су тартамыз деп ауылдың бар жолын қазып тастаған. Содан сол күйі қалды. Екі жылдан астам уақыттан бері батпақтан көз ашпадық. Сазы өз алдына қазылған шұңқырға былтыр ауылдың малы түсіп мертіккендері де болған. Көлікпен де, жаяу жүретін де жол жоқ. Түнде жүрсең аяқ-қолыңды сындырып, шұңқырға құлап өлуің де әбден мүмкін. Жиырма бірінші ғасырда мүлде сусыз отырмыз. Өткен жылғы жағдай биыл тағы қайталанды. Жаз бойы тірі жан болған жоқ. Шағым білдірсек әкімдік қыркүйекте жұмыс басталатынын айтады. Ауыл әкімі екі жылдан бері шыбық басын сындырған жоқ. Айына бір рет көрініп сосын жоқ болып кетеді. Жаңа Қазақстанда бұл не масқара?! Ауылда жұмыс болмаған соң тұрғындардың көбі Есілге барып жұмыс істейді. Ауылдан шығудың өзі бір мұң. Көлігімізді күнара қиратып аламыз. Тас жолмен жүру мүмкін емес. Әкім екі жыл бұрын жолды жөндеуге уәде берген. Бірақ Есілге баратын жол өте сұмдық жағдайда. Үш жылдан бері жол жөнделген жоқ. Тіпті трассаның жиегіндегі шөбі де шабылмай қалады. Ол қыста қар тоқтатады. Сонда салықты не үшін төлейміз. Қашанға дейін төзбекпіз?", - дейді Игілік ауылының тұрғыны Ақгүл Керейбаева. 

Аудан әкімдігі аталған жұмыстың қыркүйекте әрі қарай жалғасатынын айтып ақталып отыр. 

"Игілік ауылындағы су құбырының құрылысы және қайта құру мәселесі бойынша хабарлаймыз. Қыркүйекте "Монолит" мердігер компаниясы Игілік ауылын ауыз сумен қамтуды аяқтау бойынша жұмысқа кіріседі. Су құбыры желісін тарту кезде топырақтың шұңқырланған жерлерін мердігер ұйым түзететін болады, - деді Есіл ауданы әкімдігінен. 

Бірақ әзірге нақты қашан су құбыры тартылып, шұңқырларға айналған жолдардың қашан қалпына келтірілетіні өкінішке орай белгісіз қалып отыр. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Қ. Әбілдәқызы