- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Өте күмәнді". СІМ...
"Өте күмәнді". СІМ Украина президентінің сұхбатына қатысты пікір білдірді
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украина президенті Владимир Зеленскийдің сұхбатына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мен сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы ретінде Украина басшысының сұхбатына пікір бергім келмейді. Бірақ біз сұхбатты елеусіз қалдыра алмаймыз. Әрине, өзіміздің реакциямызды білдіреміз. Бізде бар ақпарат бойынша украиналық тарап бұл жобаға бастамашылық жасап, сіз айтқан сұхбатты өткізу үшін Қазақстанның бірқатар БАҚ өкілін Киевке шақырған болатын. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің желісі бойынша яғни ресми дипломатиялық арналар арқылы ақпарат өткен жоқ. Жалпы бұл сұхбатты өткізу өте күмәнді болып көрінеді. Сұхбат рационал емес, эмоционал болып шықты. Одан гөрі украиналық БАҚ арқылы Қазақстандық аудиторияға жүгіну оңайырақ болар еді деп есептейміз", - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, журналист "Қазақстан Украина ұйымдастыратын "Бейбітшілік саммитіне" қатыса ма?" деп тағы сұрағын нақтылады.
"Бұл саммитке еліміздің қатысуы халықаралық іс-шаралар кестесіне сәйкес және осы мәселе бойынша Қазақстанның ресми ұстанымын ескере отырып, қаралады. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Украина және Ресеймен тарихи, саяси, экономикалық, мәдени, гуманитарлық қарым-қатынасты қолдайды.
Біз әрқашан барлық елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау және БҰҰ Жарғыс қағидаттарын орындау тұрғысын сөйлейміз. Осы жағдайда біз халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына қағидаттары негізінде бұл қақтығысты осы елдер арасындағы екі жақты қатынастар деңгейінде тек бейбіт жолмен шешуді дәйекті түрде қолдаймыз", - деді ресми өкіл.
Алайда Смадияров Қазақстан тарапы саммитке қатысты шешімді қашан қабылдайтынын айтпады.
Еске салайық, биыл 24 мамырда Украина президенті Владимир Зеленский Харьковте Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан журналистеріне сұхбат берген еді.
Онда Зеленский "Лидерлеріңіз баланс сақтамайды. Менің ойымша, олар Кремльден жасқанады, сол себепті орыстардың ыңғайына жығылады. Бәрі өзгереді деп үміттенем әрі ешкімді жазғырмаймын. Біз өз таңдауымызды жасадық, сол үшін күресіп жатырмыз" деп мәлімдеме жасаған.
Айта кетейік, "Бейбітшілік саммиті" 15-16 маусымда Швейцарияда өтеді. Оған әлемнің 160-тан астам елі мен халықаралық ұйымы шақырылған.
Украина президентінің айтуынша, іс-шараға шамамен 80 ел саммитке қатысатынын растаған. Тізімде Ресей президенті Владимир Путин жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен