Маңғыстаулық экологтар Каспийге мол су жіберу үшін, Қазақстан мен Ресей өзара келісімге келуі қажет деп есептейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеше ғана Каспий теңізінің ғарыштан түсірілген суреті жарияланды. Суреттер кейінгі 15 жыл ішінде ғарыштық түсірілімнің мұрағаттық деректері негізінде жасалған. Онда қазақстандық акваторияның солтүстік бөлігінде теңіз түбінің ашылғаны көрінеді. 2008 жылы су бетінің ауданы 113 866,67 шаршы шақырым болса, биыл - 105 745,23 шаршы шақырым. Яғни, теңіз беті 8 мың шаршы шақырымнан көп аумаққа кішірейген. Жерді қашықтан зондтау дерегі бойынша, Каспий теңізінің Атыраудың маңындағы бөлігі ең осал аумақ болып отыр.
"Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі экожүйеге және теңіз шаруашылығына әсер ете бастады. Бұл өте қорқынышты", - дейді табиғат жанашырлары.
Маңғыстаулық балықшылар теңізде балықтың азайғанына жиі шағымданады. Бұған теңіздің ластануы мен кеме қатынасының көбеюі де себеп. Дегенмен бұрынғыдай итбалық көп емес. Бекіре тұқымдас балықтар да азайды. Теңіздің таяздануымен қоса, браконьерлік әрекеттер де су жануарларының жойылып жатыр.
"Теңіз деңгейінің төмендеуінен, шөлейтті аумақтар көбейді. Қамыс алқабы артып, өрт қаупі күшейді. Ұя салатын жерлер қысқарды. Еділ мен Жайық өзендерінің балансын қалпына келтіру үшін белсенді шаралар қажет. Әрине, климаттың өзгеруіне бейімделу үшін де шаралар дайындау керек", - дейді ақтаулық эколог Кирилл Осин.
Ал ардагер эколог Орынбасар Тоғжанов Каспийдің таяздануын Еділ мен Жайық өзендерінен келетін судың мөлшерінің азаюымен байланыстырады. Себебі Ресей аумағында су қоймалары көп салынып жатыр. Яғни, сол жақта қалатын судың көлемі жыл санап ұлғайып келеді. Сондықтан Каспийге суды мол жіберу бойынша, 2 ел ортақ шешім қабылдамаса болмайды.
"Қазақстан мен Ресейдің эколог-мамандары кездесіп, талай пікірлестік. Сонда біз Жайықтың суы азайып кетті, су жіберсеңдерші дегенімізде, олар "Көрші ағайын, Жайық бассейніндегі халық саны осыдан 50 жыл бұрынғыға қарағанда 6 есе өсті. Ол адамның барлығы суды пайдаланады. Сондай-ақ, кеңес үкіметі кезіндегідей жоспарлау қазір мүмкін емес" деп жауап берді", - дейді Орынбасар Тоғжанов.
Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің мәліметіне сүйенсек, 1978 жылдан бастап 18 жыл бойы Каспий теңізінің деңгейі қарқынды түрде көтерілген. 1995 жылға қарай теңіз деңгейі минус 26,62 м белгісіне жетті. Ал 2006 жылдан бастап теңіз деңгейі төмендей бастаған.
Кейінгі 15 жылда Каспий теңізінің акваториясына жауын-шашын өте аз түсіп, булану процестері анағұрлым қарқынды болды. Оған қоса, келетін өзен сулары азайды. Басты себеп - бүкіл солтүстік жарты шарды қамтыған климаттың жылынуы.
2021 жылы теңіз деңгейі Балтық жүйесімен минус 28,43 метр болды. Мамандардың пікірінше, егер теңіз деңгейі минус 28,5 метрден төмендесе, экожүйе мен теңіз шаруашылығы үшін де өте қиын жағдай болады.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!