“Өте қорқынышты болды“: Шахтинскідегі жарылыстың мән-жайы

“Өте қорқынышты болды“: Шахтинскідегі жарылыстың мән-жайы
Фото: Tengrinews.kz

Кеше түнде Шахтинск қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, салдарынан сегіз адам зардап шекті. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жай кездейсоқ жағдай емес: полиция 40 жастағы күдіктіні ұстады. Tengrinews.kz тілшісі оқиға орнына барып, қорқынышты түнді бастан өткерген тұрғындармен сөйлесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Өте қорқынышты болды"

Түнгі оқиға бес қабатты үйдің төртінші қабатындағы екі бөлмелі пәтерде болған. Подъезде күйік иісі мүңкіп тұр, ол киімге дейін сіңіп қалған.

Терезелер сынған, балкон бұзылған, баспалдақта шыны сынықтары мен күйген заттар шашылып жатыр.

Тұрғындар әлі есін жия алмай отыр. Көпшілігі бұл әрекетті көршісі жасағанына сене алмайды, оны бұрын сабырлы адам деп білетін.

Куәгерлердің айтуынша, бәрі газдың өткір иісінен басталған. Алаңдаған тұрғындар полиция шақырған. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары дереу эвакуацияны бастаған. Сол сәтте, көршілердің айтуынша, пәтердегі ер адам сіріңке жаққан.

"Мен алты жасар ұлыммен ұйықтап жатқан едім. Бір кезде есік қатты қағылды. Полицейлер тез сыртқа шығу керегін айтып, газ баллоны жарылуы мүмкін екенін ескертті. Дүрбелең басталды, өте қорқынышты болды. Ұлымды әрең алып шықтым. Полицейлер бізді асықтырып, көмектесті. Сыртқа шыққаннан кейін көп өтпей жарылыс болды. Егер олар бізді уақытында шығармағанда, не боларын білмеймін. Олар мені және баламды құтқарды", - деді тұрғын Евгения Сайко.

"Мұндайды бұрын көрмегенбіз"

Өрт шыққан пәтер қазір толық қираған: жиһаздар күйген, қабырғалар бүлінген, жерде ойыншықтар мен суреттер шашылып жатыр.

Үйдің үлкені Антон Минин мұндай жағдайды бұрын-соңды көрмегенін айтты.

"Шок болдық. Адамдар не киіп үлгерсе, сонымен сыртқа жүгіріп шықты. Түтін қою болды, ештеңе көрінбеді. Полицейлер тез әрекет етті - есіктерді қағып, қарттарға түсуге көмектесті. Көп адам оларға қарыздар. Өкінішке қарай, өздері де қатты зардап шекті, реанимацияда жатыр. Қазір әкімдікпен бірге пәтерлерді тексеріп жатырмыз - оннан астамы зақымданған, оның бесеуінде тұру мүмкін емес. Бұл жерде адам шығыны болмағаны - үлкен ғажайып. Барлық пәтерде газ баллондары бар, сондықтан оларды құтқарушылар қолмен шығаруға мәжбүр болды. Егер бәрі жарылса, көрші үйлер де зардап шегер еді", - деді ол.

Тағы бір жарылыс жасаймын деп қорқытқан

Полиция мәліметінше, күдіктіні бірден ұстау мүмкін болмаған. Жарылыс кезінде эпицентрде болған полицейлер күйік алып, жарақаттанған. Осы сәтті пайдаланып, ер адам балкон арқылы қашып, көрші подъезге өткен. Ол жерден қарт әйелді шығарып, тағы бір газ баллонын жарамын деп қорқытқан. Кейін ол ұсталды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от NEWS Karaganda-Ulytau (@newskor.krg)

"Бөтеннің мүлкін қасақана жоюға әкелген өрт дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 40 жастағы ер адам ұсталды. Қазір ол Шахтинск ауруханасының арнайы палатасында күзетпен жатыр. Емделіп болған соң уақытша ұстау изоляторына қамалады", - деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Зардап шеккендер туралы не белгілі?

Оқиға салдарынан сегіз адам зардап шекті. Алдын ала мәлімет бойынша, үш полицей мен екі тұрғын жансақтау бөлімінде жатыр.

Қазір оқиға болған үй қоршауға алынған, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тұрғындар біртіндеп өздеріне келіп жатыр: күйген заттарын шығарып, сынған терезелерін жауып жатыр. Көшеде пәтерлерден шығарылған газ баллондары көрінеді.

Мән-жай

Кеше түнде Қарағанды облысының Шахтинск қаласында бес қабатты тұрғын үйде жарылыс болды. Құтқарушылар мен полицейлер жоғарғы қабаттардағы тұрғындарды эвакуациялап, олар үшін жылыту пунктін ұйымдастырды. 40 шаршы метр аумақта өрт шығып, кейін толық сөндірілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget