- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Өте қиын". Қалыңмал...
"Өте қиын". Қалыңмал мен қыз жасауын сот арқылы қайтарып алуға бола ма?
Қазақ салт-дәстүрге бай халық. Оның ішінде, жас жұбайлар шаңырақ көтергенде түрлі салт-жоралғы жасалады. Мысалы қыз ұзату, үйлену тойы, қалыңмал немесе қыз жасауы. Бүгінде оның әрқайсына айтарлықтай шығындалып, қаржы жұмсап жатамыз. Бірақ жұбайлар ажырасып кеткен жағдайда не болмақ? Қалыңмал мен қыз жасауын қайтарып алуға бола ма? Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне заңгер Думан Көпбаев түсіндіріп берді.
Заңгер маман сыйлықтар, қалыңмал, жасау ажырасқаннан кейін бөлісетін мүлікке жатпайтынын айтады.
"Қалыңмал сыйлық ретінде есептеледі. Оны тек сот арқылы қайтаруға болады. Бірақ оны қайтару өте қиын. Себебі Азаматтық құқық бойынша бір затты қайтару үшін оның құжаты болуы керек. Мысалы ақша берілсе, қолхат болуы керек. Ал қалыңмал ауызша айтылып беріледі. Сондықтан заңды тұрғыда құжатпен дәлелденбесе қалыңмалды қайтару қиын. Үйленіп жатқанда "саған осынша ақша бердім, мына жерге қол қой" деп ешқандай құжат жасалмайды ғой. Қалыңдық тарапы "қалыңмалды бермейміз" деп мәлімдесе арнайы құжатсыз қайтара алмайды. Себебі сотта дәлелдеу қиын. Ол азаматтық кодексте реттелмеген. Бұл қыз жасауына да қатысты", - дейді заңгер.
Думан Көпбаев неке келісімшарты жасалған жағдайда қалыңмал мен жасауды қайтаруға болатынын айтады.
"Неке келісімшарты жасалса және ол жерде "айырылысқан жағдайда осынша қалыңмал қайтарылады" деп көрсетілсе, бұл жағдайда қаражатты қайтаруға болады. Бірақ қазақ халқын білесіздер, олар неке келісімшартын жасамайды. Ол батыс елдерінде көп қалыптасқан үрдіс", - дейді маман.
Заңгер неке келісімшартын жасауды 100 пайыз қолдайтынын айтады.
"Себебі статистикаға қарасаңыз 60-70 жұп ажырасып жатыр. Тек жастар емес, 50, 60-қа келгендер де ажырасып жатыр. Елдегі негізгі проблеманың бірі деп айтуға болады. Ал неке келісімшарты екі жақ ұтылып қалмауы үшін заңды мүддесін, мүлкін сақтау мақсатында жасау дұрыс", - деп түсіндірді Думан Көпбаев.
Статистика бойынша, 2022 жылы 128,5 мың жұп шаңырақ көтеріп, оның 17,7 мыңы ажырасып кеткен. Сарапшылар елімізде ажырасу - жиі кездесетін проблемаға айналып бара жатқанын айтып отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина