Қазақстанда пандемиялық қор жобасы іске қосылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қор табыс деңгейі төмен немесе орташа елдерге болашақ пандемияға дайындалуға көмектесіп, ұзақ мерзімді гранттар ұсынады. Жоба Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Бүкіләлемдік банк қолдауымен іске асады.
"Қордың қызметі Қазақстан және Орталық Азия үшін маңызды. Біз керек жобаны іске асырғалы отырмыз. Қор тарапынан бөлінен грант есебінен еліміздегі қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіндегі, әсіресе, эпидемиологиялық қадағалау, шекаралық бақылау, зертханалық қауіпсіздік және медициналық персоналды оқыту сынды маңызды міндеттер шешіледі", - деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада өткен жобаның тұсаукесер рәсімінде.
Сондай-ақ, жиында коронавирус пандемиясы кезіндегі видео көрсетілді. Министр қиын сәттерді есіне алды.
"Жұмысымызды осы видеоны көруден бастадық. Мұның символдық мәні бар. Шынында да өте қиын, қайғылы күндерді еске түсірді. Мұны біз және бүкіл әлем көрді. Әрине, Қазақстан және басқа елдер бұл қиындықтармен өз бетінше күресті. Мен мұны өте қиын және қайғылы кезең деп санаймын. Себебі, өлім-жітім көрсеткіші соңғы бірнеше жылда тіркелген барлық көрсеткіштен асып түсті. Медициналық ұйымдар бұл жұмысқа тиісті деңгейде дайын болмағаннан адамдарды жоғалттық. Сондықтан Дүниежүзілік банктің қолдауымен іске асып жатқан жоба маңызды. Әлемдегі барлық мемлекет үшін бұл мәселені өзекті деп санаймын", - деді министр.
Айта кетейік, Қазақстанда жыл басынан бері COVID-19 жұқтырғандардың саны 2 есе өскен еді. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі – Алматы мен Астана қалаларында.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз