Қазақстанда отбасының шырқын бұзған шамамен 6 мыңға жуық агрессор қамауға алынды. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жалпы сот шешімі бойынша қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін барлығы 2 770 агрессор және мінез-құлыққа қойылатын ерекше талапты орындамағаны үшін 5 926 құқықбұзушы қамауға алынды", - деді Шыңғыс Алекешев ІІМ-де өткен брифингте.
Оның пікірінше, тек полицияның күшімен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу мүмкін емес.
"Отбасындағы жанжалдардың негізгі себептері - маскүнемдік, адамгершілік құндылықтың төмендеуі және тағы басқа. Осыған байланысты Үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі саясатты қайта қарау жөніндегі жол картасын іске асырып жатыр. Мысалы, 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан аралығында учаскелік инспекторлар берекесіз отбасыларға 67 343 тексеру жүргізіп, арнайы әлеуметтік көмекке мұқтаж 2 349 отбасыны анықтады. Биыл қаңтарда осындай 325 отбасы анықталды", - деді ресми өкіл.
Оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін мүдделі мемлекеттік органдарға ақпарат жіберілген.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!