Отбасының берекесін қашыратындарды тіркеуге алу ұсынылды

Отбасының берекесін қашыратындарды тіркеуге алу ұсынылды
Фото: Freepik

Қазақстанда отбасының берекесін қашыратындарды тіркеуге алып, оларды мемлекеттік және күштік құрылымда жұмыс істеу құқығынан айыру керек деген ұсыныс жасалды. Бұл туралы Сенат депутаты Жанна Асанова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат елімізде күн сайын жаңалықтарда зорлық-зомбылық пен қорлық көрсету туралы айтылатынын, ал уәкілетті тұлғалардың немқұрайды көзқарасы мен сыбайлас жемқорлық бұл мәселені толық шешуге мүмкіндік бермей жатқанын мәлімдеді.

"Бізге әйел мен балаларды саудаға салатын немесе оларға затқа қарағандай немқұрайды көзқарасты өзгерту аса маңызды. Қорғансыз қалған жандардың бәрін мемлекет қорғап қана қоймай, зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет жасалатынын білуі керек. Әрбір азамат зорлық-зомбылықтың барлық құқықтық салдарын нақты білуі шарт. Олар жазадан құтылмайтынына күмәнданбауға тиіс. Бұл мәселеде құқық қорғау органдарының, сот инстанциясының қызметкерлеріне ерекше жауапкершілік жүктеледі", - деді сенатор.

Ол зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл кешенді тәсілді талап ететінін әрі отбасының шырқын бұзатындарың құқығын шектеу маңызды екенін айтты.

"ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік жеке қызметін құру арқылы кеңейтуді ұсынды. Жалпыға бірдей қабылданған халықаралық стандарттар мен психологиялық нормаларды ескеріп, құқық қорғау органдарының алғаш рет шағымданған зорлық-зомбылық құрбандарына арналған өзара іс-қимыл жасау нұсқаулығын заңнамалық тұрғыдан бекіту керек. Зәбір көрсетушілерді міндетті түрде тіркеуге алу, одан кейін мемлекеттік және күштік органдарға жұмысқа тұруын шектеп, қару иелену құқығынан айыру маңызды", - деді Жанна Асанова.

Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды. Кейін ол қамауға алынды.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz