Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев "отбасындағы жанжал тілі ұзын әйелден шығады, сондықтан ерлерді де түсіну керек" деп мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстанның Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары таныстырылды.
Анас Баққожаев бұл құжатты қолдайтынын жеткізді.
"Еркектің ең сорлысы ғана әйелге қол көтереді. Дегенмен ұрыстың барлығы ұрудан шықпайды ғой. Алайда ерлерді де түсінуіміз керек. Жанжал неден туындайды? Әрине, әйелдің тілінің ұзын болуынан. Мені әйелдер кешірсін. Бірақ ондай да фактілер бар. Қазақта "Жақсы әйел ырыс, жаман әйел ұрыс" немесе "Ерге жаққан әйел елге де жағады" дейді. Біз қазақы тәрбиеден алшақтап бара жатырмыз", - деді депутат.
Ол отырысқа келген оқу-ағарту вице-министрі сұрақ қойды.
"Бүгінде оқу орындарында қыз балаларды инабаттылыққа, тәрбиелейтін қандай сабақтар өткізіліп жатыр? Ынталандыру шаралары бар ма?", - деді Анас Баққожаев.
Еділ Оспан тиісті пәндерін барын атап өтті.
"Әсіресе, (мектеп бағдарламасында - еск.) қазақ әдебиеті мен тарих пәні кеңінен қамтылған. Биыл оқу жылынан бастап тәрбие компоненті күшейтілді. Тәрбие бағдарламасын енгізіп отырмыз", - деді министрдің орынбасары.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!