Отбасындағы аргессорлар мен абъюзерлерге жаза күшейеді: заң сенатқа жіберілді

Отбасындағы аргессорлар мен абъюзерлерге жаза күшейеді: заң сенатқа жіберілді
Фото: depositphotos.com

Мәжілістің жалпы отырысында әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңдар екінші оқылымда қабылданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Жұлдыз Сүлейменова заң жобалары Мемлекет басшысының зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленгенін мәлімдеді.

"Бұл құжаттар барлық азаматтың, оның ішінде қоғамның ең осал мүшелері саналатын әйелдер мен балалардың құқығы мен мүдделерін қорғауда қалқан болуға, мемлекеттік саясаттың құқықтық негізін жетілдіруге, қоғамдағы тәртіп бұзушылыққа байланысты жауапкершілікті күшейтуге арналған. Ең бастысы қоғамымыздың негізі отбасындағы береке-бірлікті нығайту құндылықтары енгізіліп отыр", - деді ол.

Заңдарда мына нормалар қарастырылған:

  • Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібін реттеуге;
  • Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген белгілері бар адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік бере отырып, оларға қолдау көрсету бөлігінде Отбасын қолдау орталықтарының құзыреттерін нақтылауға;
  • Қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп жіберуге тыйым салынатын балалардың (16 жасқа толмағандарға қатысты) жасын анықтауға;
  • 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта қорлап тиіскені үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтуге;

Сотталған немесе татуласуға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған адамдарға сот белгілеген ерекше талаптарды қолдану шараларын нақтылауға бағытталған бірқатар түзету де енгізілді.

Сондай-ақ, "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын 82 депутат жақтады, 3 депутат қарсы болды, 5 депутат қалыс қалды.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын 82 депутат жақтады, 1 депутат дауыс бермеді, 2 депутат қарсы болды, 6 депутат қалыс қалды.

Бұл заң жобалары екінші оқылымда қабылданып, Сенатқа жіберілді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов отбасында зорлық-зомбылыққа жол берілмеуге тиіс екенін айтты.

"Бүгін біз өте маңызды заң жобасын қабылдадық. Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей бағытталды. Отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылық - қоғамда жиі талқыланатын өзекті және өткір мәселе. Бұл проблеманы құқық қорғаушылар мен депутаттар ғана айтып жүрген жоқ. Әйелдер мен балалардың қорғансыздығы жайындағы мәселе БАҚ-та, әлеуметтік желіде өте жиі көтеріліп жатыр. Аргессорлар мен абъюзерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегіп отыр", - деді спикер.

Ол өзекті мәселеде халықтың пікірі ескерілгенін жеткізді.

"Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды жұртшылық көптен бері талап етіп жүр. Енді жаңа заң бойынша мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады. Ол өте орынды. Жалпы әйелдер мен балаларға күш көрсетуге, агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол бермеуіміз керек. Ата дәстүрімізді берік ұстанып, ерлі-зайыптылар арасында шынайы құрмет, сыйластық пен балаларға деген қамқорлық орнауы керек", - деп сөзін түйіндеді Ерлан Қошанов.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz