Қызылорда облысында цифрлық активтердің заңсыз айналымын ұйымдастыру және есірткі сатудан түскен кірісті заңдастыру дерегі бойынша тергеу аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚМА мәліметінше, бір жыл бойы кәсіби ақша жылыстатушылар Binance платформасында цифрлық активтерді айырбастау операцияларын жүргізген. Криптоәмияндар арқылы өткен жалпы айналым 1,88 млрд теңгеден асқан.
"Күдіктілер Fresh, Butterfly, CrystalOrganic, Траутвайт НОН киви және SkittyShop Telegram арналары арқылы есірткі сатудан түскен 603 млн теңгені заңдастырған. Схемада шетел азаматтарының атына тіркелген дроп карталардың ұйымдасқан желісі пайдаланылған", - деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық жолмен келген табысқа күдіктілер тұрғын үй, пәтер, 5 көлік сатып алған, отбасылық мейрамхана салған. Сот санкциясымен бұл мүліктерге тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Екі күдікті қамауға алынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова