Гүлмамыр Нұржан интерьер дизайны бойынша білім алған. Қазіргі таңда жеке компаниясы бар. Бірнеше жылдан бері қарапайым адамдармен қатар, өнер жұлдыздарының да шаңырақтарының дизайнын сызып, үйін сәндеумен айналысып жүр. Бұл саланың қыр-сыры, ерекшелігі туралы Massaget.kz тілшісіне Гүлмамыр Нұржан айтып берді.
"Алғашқы ұстазым - әкем мен анам"
Гүлмамыр Нұржан - маңғаз Маңғыстау өңірінің тумасы. Бұл салаға қызығушылығы бала күнінен басталған.
"Әкем Светқали Нұржан алты алашқа танымал ақын, шежіреші. Анам Бибайша Ілиясқызы - ғалым, қазақ тілінің дамуына ат салысып жүрген профессор, педагог. Үш ағайындымыз, апам мен інім бар. Шығармашылық ортада өстім. Әке-шешем әдебиет пен өнердің төл адамдары болғандықтан, үйімізде Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсын, Есенғали Раушан сынды қазақтың біртуар тұлғалары дәм татқан. Сол ортаның сырлы бояуын бойыма сіңірдім десем болады. Демалыс сайын ата-әжемнің ауылына барып, оларға көмектесіп, кең далада өстік. Әжем ұршық иіріп, киіз басып, сабаумен жүн сабап, қолөнермен айналысатын. Осы ортаның, өскен топырақтың, айналадағы сұлулықтың әсері болу керек, кішкентайымнан көркемдікке әуес болдым. Кез келген нәрсені әдемілей беретінмін. Мейлі ойыншық, мейлі тамақ, мейлі киім, бәрін сәндеп жүргенді ұнататынмын. Сол үшін өзімді басқа мамандықта көрген емеспін. Өзімді тек сұлулықпен байланыстыратынмын", - деді ол.
Ол әжесі мен анасынан алған тәрбиесін әрі қарай білім алып шыңдаған.
"Үйдегі әкемнің қарындасы, иманы саламат болсын, Гүлбану апам да, қолынан бал тамған шебер болды. Анамның талғамы өте жоғары болды. Әкем сұлулықты көркем сөзге, өлең жолдарына айналдыратын. Осының бәрі бірлесіп, бойыма әдемілікке құштарлықтың дәнегін екті. Алғашқы оқытушыларым да солар деп айтар едім. Бұл істі өзімнің ізденісіммен үйрендім. Кейін жоғары оқу орнында, шет ел аралап, қосымша сабақтармен, бастысы, тәжірибемен білімімді шыңдадым", - деді Гүлмамыр Нұржан.
"Нақты мақсат болмады"
Гүлмамыр жоғары оқу орнында дизайн саласында білім алады.
"Кейін тұрмысқа шығып, декреттік демалыста болған кезде одан сайын білімімді толықтыра түстім. Бірден алғашқы жобаларға кірістім. Алғашқыда әке-шешемнің, өзімнің, туыстар мен достардың үйінен бастадым. Сосын кәсіби түрде жобалар алып, әрі қарай жұмыс жалғасып кетті", - деді дизайнер.
Оның айтуынша, бұл іспен айналысып бастаған кезде нақты мақсат болмаған.
"Сұлулық маған энергия, күш беретін. Дәл сол әдемілікті көрген сәт, сол хәл маған қатты ұнайтын. Бұл тұрғыда айналама көмектескім келетін. Содан осындай кәсіпке айналды десем болады. Табиғатта энергияның сақталу заңдылығы деген қағида бар. Адам кез келген дүниеге өзінің энергиясын салса, содан нәтиже шығады. Сол секілді менің де бұл салаға берген энергиямнан осындай үлкен кәсіп туындады", - деді Гүлмамыр Нұржанова.
"Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс түседі"
Оның алғашқы тапсырысы балабақша болған.
"Алғашқы жобам - 500 шаршы метрлі балабақша болды. Декреттік демалыстан соң бала тақырыбы маған өте жақын еді. Сондықтан бұл жобаға қызығып, құлшыныспен кірісіп кеттім. Қорқыныш болмады. Балабақшаға тұтынушы ретінде қарап, жан-тәніммен кіріскенім, баланың, ата-ананың психологиясын сезініп, солардың жан қалауын түсінуге тырысқаным жобаның сәтті шығуына көп көмегін тигізді. Тапсырыс берушіммен әлі араласып түрамыз", - деді дизайнер.
Гүлмамырдың айтуынша, тапсырыс әр өңірден түседі.
"Ірі қалалармен қатар басқа өңірлерден де тапсырыстар жиі түседі. Бірақ мен жаныма жақын жерлерді ғана таңдаймын. Себебі сол жердің табиғатын, адамдардың болмысын танимын, сезінемін. Сол үшін көбіне Маңғыстау, Атырау, Алматы және Астанадан тапсырыстар қабылдаймын", - деді ол.
"Ешкімнен қаржылық көмек алмадым"
Гүлмамыр кәсібін қомақты қаражатпен бастамаған.
"Кәсібімді бастаған кезде менде бір-ақ ноутбук болды, тіпті кеңсем де болған жоқ. Дегенмен жұмысыма деген үлкен махаббат пен еңбек тез арада өсуге себеп болды. Біздің салада рекомендацияның рөлі ерекше. Сенің жасаған жобаң саған жарнама немесе қара PR болады. Сондықтан әрбір жобаны барынша ерекше, барынша мұқият жасауға тырысамыз.
Кәсіп үлкен организм тәрізді, онда әртүрлі процесстер жүреді. Тәуекелдер (риск), күтпеген қиындықтар, ескермеген шығындар да болады. Кейбір көлденең шығындарды өз қалтамыздан жауып отыруға тура келеді, бірақ оны тұтынушыларымыз біле бермейді. Жалпы кәсіпкер- тек өз қара басын ойлайтын адам емес. Тапсырыс берушілер, команда және қоғам алдында, келешек ұрпақ алдында да үлкен жауапкершілік арқалаған адамдар", - деді ол.
Командада штатта 10 адам бар.
"Оның ішінде дизайнерлер, архитектор, визуализаторлар, инженерлер бар. Штаттан тыс та оншақты қызметкер жұмыс істейді. Бұл жылдар бойы қалыптасқан команда. Кейбірі – 4-5 жыл, тіпті 8 жылдан бері қасымда жүрген жандар. Командада жұмыс жасауға сұраныс өте көп түседі. Осы уақытқа дейін мамандарды іздеп, сөйлесу арқылы, бірге жұмыс жасау арқылы жинақтап келдім. Команданың барлық мүшесі жобаларымызды жан-тәнімен беріліп жүргізеді деп айтар едім",- деді ол.
"Сұраныс жеңіл классикалық стильге жиі түседі"
Дизайнердің айтуынша, халықтың көпшілігі жеңіл классикалық стильдегі дизайнды таңдайды.
"Халықтың сұранысы көбінесе жеңіл классикалық стильге түседі. Бәрінің таңдауы ұқсас болғанымен тұтынушылар әр түрлі, сондықтан жобалар да әр түрлі", - деді ол.
Ол айналасындағы жандарға көп энергиясын жұмсайтынын айтты.
"Жалпы жақсы жоба – дәмді піскен тамақтай. Қандай көңіл-күймен жасалады, соңындағы қорытынды да сондай болады. Сол үшін ұжымдағы атмосфера мен үшін өте маңызды. Көп махаббатым мен энергиямды, қаржы мен уақыт ресурсын арнаймын әр бір жанымдағы жүрген жандарға. Содан тапсырыс берушілеріме, жобаларыма беретін ресурстарымды есептей беріңіз",- деді ол.
"Тұрсынбек Қабатовтың үйін сәндедім"
Гүлмамыр Нұржан танымал өнер жұлдыздарымен де бірге жұмыс істейді.
"Олардың ішінде Тұрсынбек Қабатов, Мөлдір Мұқанова, Досымжан Таңатаров, Маржан Арапбаева, Әділ Ахметов сынды аға-апаларымыз, сондай-ақ, "Нұршах" сән үйінің негізін қалаған Нұржамал Нұрпейісовамен де жұмыс жасадым. Біздің қызметіміз адамдармен тікелей байланыста болғандықтан, бір-бірінен естіп, қызметімізге жүгінеді. Өнерлі ортада өскесін ба, өнер адамдарының жан-дүниесін түсініп, сезіну, тіл табысу менің табиғатыма жақын",- деді ол.
Тіпті, олардың кейбірі отбасылық достарға айналып кеткен.
"Мысалы, кішкентайымыздың кіндік әке-шешесі Тұрсынбек ағамыз бен Мөлдір апам. Әнші, термеші Досымжан ағамыз бен Айнұр жеңгеміздің орындары ерекше. Мұндай қарым-қатынас маған шығармашылық шабыт береді. Бұл - мен үшін үлкен құрмет.
Ол кісілермен жұмыс жасау өте қызық. Талғамдары да бөлек қой. Мәселен, актер Әділ Ахметов ағамыздың әлемі шығармашылық пьеса, роман, театр, кино әлемімен тығыз байланыста. Үйінің де дизайны басқаша болды. Өзі де "біз басқа әлемнің адамдарымыз" деп күледі. Ал Досымжан ағамыздың үйінде қазақылықтың иісі өте қатты сезіледі. Үйінің жобасын жасаған кезде сондай талап та қойылды. Әнші Маржан (Арапбаева - еск.) апайдың үйі тіпті басқаша стильде жасалды. Оның киім киісінің өзі ерекше ғой. Әдемі, сәнді көйлек кигенді, ерекше образдар құрағанды жақсы көреді. Интерьерінде де бұл аспектілер орын алды. Тұрсынбек ағаларымыз өте қонақжай жандар. Үйіне кіргенде қонаққа арналған, үлкен бөлмелері бар. Талғамдары өте жоғары, эстетиканы қатты сүйеді. Әр қасық, әр ыдыс талғампаздықпен алынған. Үйіне барсаңыздар, мұның бәрі сезіледі. Нұржамал ханымның өзіндік ерекше энергетикасы бар. Жанында жүрсеңіз, жеңілдікті сезінесіз. Жалпы өнерге жақын адамдардан көп күш, энергия аламын, жаныма азық аламын десем болады. Оларға да бар махаббатымды, сүйіспеншілік пен құрметімді беруге аянбаймын", - деді дизайнер.
"Жобалау түрлі уақытта жасалады"
Оның айтуынша, жобалау әр кезде түрлі мерзімде жасалады.
"Бір жобаны кейде 10 күнде, кейде 2-3 күнде жасаған кездер болды. Өсіп, дамыған сайын интерьерге, дизайнға талап та күрделене түсті өзімде. Ізденіске, өлшеп-пішуге көп уақыт арнаймыз. Қазіргі таңда бір жобаны 1-3 ай, кейде жарты жылға дейін дайындаймыз. Себебі бұл мерзім үйдің көлеміне, тапсырыс берушінің талабына, ізденіске байланысты болады. Нақты уақыты жобаның күрделілігіне байланысты", - деді Гүлмамыр Нұржан.
Жобаға тапсырыс түскен кезде клиент арнайы сұрақшалар жазылған кітапша толтырады.
"Әрдайым клиентті бүге-шігесіне дейін зерттейміз. Оған арнайы сұрақтар жазылған кітапша беріледі. Әрбір үй мүшесінің тұрмыс салты, қалаулары, ұнататын түсі, сезінгісі келетін атмосфералары болады. Соның бәріне кітапшаны толықтыру арқылы барлық мәліметті жинаймыз. Сөйлескен кезде адамның энергетикасын сезінемін. Сол арқылы біз қалауларын ескеріп, жоба жасаймыз. Жұмыс барысында өзгерістер де болып жатады. Көп жағдайда негізгі басталған жобамыз соңына дейін сақталады. Құрылыс барысында қандай бір келеңсіз жағдай туындаса да, жобаны өз мәресіне жеткізу біздің басты міндет", - деді ол.
"Ұлттық стильдегі дизайн сәнге айналды"
Гүлмамыр интерьер дизайнеріне жүгінетін халықтың қарасы көбейгенін айтты.
"Қазіргі таңда интерьер саласы қарқынды дамуда. Көп адам сұраныстың көлеміне сай осы саланы таңдап жатыр. Адамдар айналасын, үйін әдемілегісі келеді. Әлеуметтік желіде көрген блогерлердің, танымал адамдардың үйіне, тұрмысына қарап қызығып, сондай әлемде өмір сүргісі келеді. Сол үшін дизайнерлердің көмегіне жүгінеді. Бұл салаға өте көп адам бет бұруда деп айтар едім. Жалпы біздер, қазақтар, Алтын орда хандығының ұрпағы сұлулықты, сән-салтанатты сүйетін халықпыз", - деді ол.
Оның айтуынша, ұлттық стильдегі дизайн элементтерімен үйді сәндеу трендке айналып келеді.
"Бүгінгі таңда ұлттық стильдегі дизайн трендке айналып келеді десек болады. Байқасаңыздар, осы стильдегі дәмхана, мейрамханалар көбейіп келеді. Бұл өте жақсы тенденция, үрдіс деп айтар едім. Адамдар да көп жасамаса да үйлерінде ұлттық стильдің элементтерін көргісі келеді. Себебі адамдар ұлтымыздың қаншалықты бай екеніне, қол өнеріміздің қаншалықты құнды екеніне көздері жетіп келеді. Оған себеп болған жайт көп, соның бірі әлемдік аренадағы алып сән үйлерінің біздің қол өнерлерімізден шабыт алып, нарыққа тың дүниелер ұсынуында. Мысалы 2022-жылы ашылған Швейцариядағы "Louis Vuitton" сән үйінің жаңа шоу-румы қазақтың киіз үйі. "Gucci" сән үйі де 2023-жылғы мамыр айындағы топтамасында ұлттық әшекейлеріміздің дизайнының прототиптерін жасаған. Ал жарнамалық кампаниясында ұлттық аспабымыз домбырамызды көрсеткен. Сондай мысалдар өте көп. Тіпті өз жобаларымда киіз типтес түсқағазды Италияның "Agena" атты брендінен тапсырыспен алдырып, жабыстырдық. Англия, Франциядан да алдыратын материалдарымызда ұлттық оюларымызды кездестіреміз. Соларды ел-жер асырып, алдыртамыз. Жақында біз интерьерін жобалаған "Нұр-Шах" сән үйі "Paris Haute Couture Fashion Week" cән апталығына қатысып келді. Бұл қазақ сән әлемі тарихында алғаш рет орын алған іс-шара. Қазақ өнерінің қандай сұраныста екені осыдан да белгілі", - деді ол.
"Бұл - қазаққа жасаған үлкен қызметіміз деп білер едім"
Гүлмамыр Нұржан жақында Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін жобалауды бастамақ.
"Жақында қазақтың батыры, қайсар ұлы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін жобалауды бастадық. Мен үшін спорт әлемі тың дүние. Дегенмен, ештеңе себепсіз болмайды. Өмірлік миссиямның салдары болар, осы жолға түсірді. Батырдың анасы Сырлыкүл апаның батасын алуға, Бекзаттың энергетикасын сезінуге Түркістанға барып келдік. Текті ананың қолынан дәм татып, жылы лебіз, рухани әңгімелерін тыңдап, оны бойымызға сіңіріп қайттық. Батыл ананың мықты энергетикасының әсері жүрекке жетеді! Бекзаттың тап-таза рухы үйдің әр бұрышынан, әр бұйымынан сезіледі. Бұл біздің студиямызға рухани құндылығы бар үлкен жоба болайын деп тұр. Сол спорт кешенінде Бекзаттай ұрпақ тәрбиеленіп өссе, сол жеткіншектер ұлтымыздың абыройын бүкіл әлемге асқақтатса менің және біздің студиямыздың қазаққа жасаған үлкен қызметі деп білер едім. Лайым, солай болғай", - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!