Елімізде жылдан жылға үйлену азайып, ажырасу көбейіп келеді. Жалпы, ажырасуға әлеуметтік жағдай қаншалықты әсер етеді? Отбасы құру неге қиындап бара жатыр? Некеге қатысты қандай құндылықтар өзгерген? Massaget.kz тілшісі сарапшылардан сұрап білді.
Жалпы статистика
"Қазақстандық отбасылар-2022" ұлттық баяндамасының мәліметінше, еліміз бойынша жылына орта есеппен 140 мың отбасы құрылады, оның 50 мыңы бұзылады. Оның себептері қаржылық-материалдық проблемадан бастап, моральдық-жеке проблемаларға дейін әр түрлі болып келеді. Тіркелген некелердің жалпы санынан ажырасулардың үлесі - 34,4 пайыз.
Ұлттық бюро мәліметі бойынша, некеде тұрған ерлер мен әйелдердің саны 2009 жылғы 6,6 миллионнан 2021 жылы 8,2 миллионға дейін өскен.
2021 жылғы санақ бойынша халықтың 60,9 пайызы некеде болған, осылайша некеде тұрған азаматтар саны 8,2 миллион адам болды. Оның ішінде 9 пайызы – қайта неке құрғандар. Жалпы халықтың 28 пайызы – ешқашан үйленбеген, 5,3 пайызы – жесір, ал қалған 5,8 пайызы – ажырасқандар болды.
2022 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында Қазақстанда 128,5 мың жұп шаңырақ көтерсе, оның 17,7 мың отбасы ажырасқан. Өткен бір жылда 128,5 мың неке тіркелген. 2021 жылдың 12 айымен салыстырғанда заңды некеге тұрғандар саны 8,4 пайыз азайған.
Сонымен қатар 17,7 мың жұп ажырасқан (соттың некені бұзу туралы шешімдерін есепке алмағандағы АХАТ органдарының деректері бойынша). Бұл 2021 жылғы деңгейден 8,1 пайыз төмен. Ажырасу коэффициенті 1000 адамға 0,89-ға жетті.
Қазақстандықтар неден болып көп ажырасады?
"Қазақстан отбасылары" ұлттық баяндамасына сәйкес, қазақстандықтардың 95,4 пайызы отбасылық қарым-қатынасқа қанағаттанады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда неке саны 5,9 пайызға, ал ажырасу 5,3 пайызға азайған. Ажырасудың негізгі себептері – алкоголизм, ерлі-зайыптылардың біреуінің нашақорлығы – 61,7%, тұрмыстағы зорлық-зомбылық – 51,1 пайыз, опасыздық – 47 пайыз, лудомания – 38,4 пайыз. Зерттеулерге сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызы үшін ажырасудың негізгі себебі – бала сүйе алмау. Әрбір алтыншы отбасы мұндай жағдайға тап болады екен.
Әлеуметтанушы Айгүл Молдабекованың пікірінше, әлеуметтік-экономикалық кризистің отбасын құруға тікелей әсері бар.
"Жалпы 1990 жылдардың басындағы статистиканы қарайтын болсақ, онда отбасы құратындардың қарасы көп болған. Қазіргі таңда некеге тұру коэффициенті 7,3 пайыз шамасында, ал тәуелсіздік жылдардың басында бұл көрсеткіш 11 коэффициентке жеткен. Алайда ол кезде халықтың саны да тұрақты өсіп отырғанын ескеруге тиіспіз, - деді әлеуметтанушы.
2000 жылы 90 мың ғана неке тіркелген. Ал ең көп неке 2013 жылы 168 мың адам некеге отырған. Бүгінгі таңда некеге тұрғандар саны 140 мыңның шамасында. Бұдан көретініміз 2013 жылдан бері отбасын құратындар саны азайып келеді. Сонымен қатар ажырасу туралы статистиканы қарасақ, 2000 жылы ажырасқандар саны 27 мың болса, 2019 жылы пандемия кезеңінде ең жоғары көрсеткішке - 59 мыңға жеткен. 2021 жылы - 48 200 адам ажырасқан. Бұдан түйетініміз әлеуметтік-экономикалық кризистің отбасын құруға тікелей әсері бар", - дейді ол.
Молдабекованың сөзінше, ел менталитетіне сәйкес, отбасы көбіне ер адамның ерік-жігеріне байланысты құрылады.
Қазақстан халқының 48 пайызға жуығы ауылдық жерде тұрады. Елді мекендегі халыққа сол жерден кетпейтіндей етіп жағдай жасауға тиіспіз. Біздің менталитетімізде көбіне ер адамның ерік-жігеріне байланысты, экономикалық-әлеуметтік жауапкершілік ер адамға қойылады. Сондықтан мұндай кризистік кезеңде үйлену бұрынғыдан қиындай түспек. Бүгінгі таңда үйлену– көп шығын. Оған ең кем дегенде 4-5 миллион теңге жұмсалады.
Меніңше, қазіргі жастар үйленер алдында рационалды әрі шынайы ойлауы қажет. Олар ешқандай ұрансыз, тойсыз және ысырапсыз өмір сүруге ұмтылса екен. Әр адам отбасын құрғысы келсе, аса үлкен дайындықпен келуі керек. Бірінші орынға жауапкершілікті қойғаны жөн. Бәрінен бұрын берік отбасы болуға талпыну қажет деп есептеймін, - деді Молдабекова.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Найля Мұхтарова некеге тұратын жастардың орташа жасы өсіп келе жатқанын айтты.
Демографиялық статистикаға сүйенсек, бұрын некеге тұратындардың жас аралығы 21-22 жас болса, бүгінгі таңда орташа жас 25-тен асты. Бұл тенденция тек отбасы құруда ғана емес, қоғамның әртүрлі салаларында байқалады. Онымен қоса, бала туудың орташа жасы да ұлғайды. Бұрын 23-24 жас болса, қазір 29 жасқа жетіп отыр, – дейді Найля Мұхтарова.
Психолог Алтыншаш Матаева ерлі-зайыптылардың ажырасуына бір-бірі дұрыс танымауы себеп дейді.
"Біздің қоғамда үйленуге үйретпейді. Жалпы, жар таңдау мәселесіне немқұрайлы қарайды. Кейбір ер азаматарымыз қызбен танысқанда оның жылтыр бейнесі мен дүниесіне қарап үйленуге бекінеді. Ал, қыз балалар жүкті болып қалып, кейін тұрмыс құрып жататындар тағы бар. Ер азаматтар әке болуға дайындық жүргізбейді. Көп уақыт ондай жауапкершілікке санасы жетпей жүреді. Бұл тенденция қыз балаға да қатысты бар. Жалпы, ең бастысы - отбасы құрығысы келген әр адам психологиялық жағынан дайындалуы керек", - деді маман.
Ол азаматтың үйдегі әке-шешесінің өткені мен олардың тәрбиесі көп нәрсені шешетінін айтады.
"Егер бала үйінде күнде ұрыс-керіс пен жанжалды көп көрсе, ол үшін бұл норма саналады. Келешекте өзі отбасы құрғанда сондай дау шығаруға құмар болып келеді. Жасөспірім отбасындағы әңгіме барысында үйленуге қатысты сұрақтарға өте байыпты жауап алуы керек. Өкінішке қарай, еліміздің мектептерінде де отбасы құруға қатысты жүйеленген білім жоқ. Ер бала қандай болуы қажет, қыз бала қандай болуға тиіс екенін ешкім үйретпейді", - деді Матаева.
Сондай-ақ Матаева еліміздегі экономикалық жағдайы отбасы құруға әсерін тигізбейтінін атап өтті.
"Менің ойымша, әсерін тигізбейді. Ата-бабамыз одан қиын заманда өмір сүріп, өз теңін тапқан. Бұл жердегі мәселе – жастардың өз міндеттерін білмеуінде жатыр. Бұрын әйел мен еркектер өз міндеттерін анық білген. Сондықтан жас жұбайлар үйленер алдында мамандарға жүгініп, өз қалаулары туралы бір-біріне ашық айтуға тиіс. Екі жастың ортақ құндылықтары болуы шарт. Кейде әйелдер "мен үйде отыруым керек, сен табасың" немесе "маған керек" деген ғана ұғыммен өмір сүреді. Ал, өз тарапынан ештеңе бермейді, міндетте алмайды", - деді психолог.
Психологтың сөзінше, ерлі-зайыптылардың аяқ асты ойларының бұзылуына қаптаған сапасыз коучтардың да үлесі бар.
"Коучтар "бостандықта өмір сүру керек" деп айтады. Оның қандай бостандық? қандай құндылық екені белгісіз. Олардың саны көп, білімді әр жақтан алған. Кімнің қандай ұстанымы бар екенін білмейсің... Ең сорақысы ешқайсысының курсы қазақы құндылыққа негізделмеген. Тіпті шетелде дәлелденбеген заттарды үйретіп жатады", - деді Алтыншаш Матаева.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!