- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Отбасы күні: Елордада...
Отбасы күні: Елордада "Мама" фотокөрмесі ашылды
Отбасы күніне орай елордадағы Достық үйінде "Мама" атты фотокөрме ашылды, деп хабарлайды Massaget.kz сайтының тілшісі Қазақстан халқы Ассамблеясының сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараның мақсаты – отбасы институтын насихаттау, көп балалы және көп буынды отбасын құрметтеуге тәрбиелеу, фотообъектінің призмасы арқылы қазақстандық қоғамның көпқырлылығын көрсету.
Шараға көпбалалы аналар – этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен белсенді қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Құттықтау лебізін Нұр-Сұлтан қаласы ішкі саясат басқармасы этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Ләззат Құсайынова арнады.
– Отбасы күніне орай қоғамда белсенді жұмыс атқарып, еңбекте табысты болған, іскер әйелдердің фотокөрмесін ұйымдастырып отырмыз. Барлығы 24 әйел мен олардың отбасыларының фотолары бар. Ассамблея жанында бірнеше қоғамдық құрам қызмет атқарады. Солардың бірі әрі бірегейі елордалық ҚХА-ның Аналар кеңесі. Кеңес мүшелерінің фотосуреттері де осы көрмеге қойылған, – деп атап өтті Л.Құсайынова.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы. Мерекелік арнайы шығарылған төсбелгілерді Аналар кеңесінің белсенді мүшелеріне көрме аясында Ләззат Құсайынова табыстады. Олардың қатарында Наталья Рудой, Сарсенгуль Зиявдинова, Камета Ибраева, Ханифа Мациева, Шапаат Нурахунова бар.
– Аналар кеңесі алға қойған барлық міндеттерді іске асырып келеді. Елімізде орын алған төтенше жағдайларға қарамастан, қоғам белсенділері саналатын нәзік жандылар қайырымдылық іс-шараларымен қатар, психологиялық қолдау көрсету функциясын атқарды. Бүгінгі фотокөрме, бүгінгі әйелдер – ана өз жанұясын қорғаушы екенінің дәлелі, – деді Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Алтынай Тәңірбергенова.
Қ. Слямбек