Отбасы банк қызметкерлері тұрғын үй кезегін сатып, қолдан анықтамалар жасаған

Отбасы банк қызметкерлері тұрғын үй кезегін жылжытқаны үшін ақша алып, клиенттер несие рәсімдей алуы мақсатында табысы туралы құжаттарды қолдан жасаған. Бұл туралы KASE-де жарияланған банк есебінде айтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Есепте 2025 жылы банкте тұрғын үй кезегін жылжытуға және қарыз беру үшін құжаттарды қолдан жасауға қатысты бірқатар құқықбұзушылық анықталғаны айтылған.

Қызметкерлерге "кезек саудасымен айналысты және лоббизм жасады" деген айып тағылған.

"2025 жылы банк қызметкерлері тарапынан клиенттер, риелторлар, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін қорғағаны, тұрғын үй кезегін жылжытқаны үшін заңсыз сыйақы алуға байланысты бірқатар сыбайлас жемқорлық дерегі анықталды. Сондай-ақ, филиалдардың бірінде қызметкер клиенттердің төлем қабілетін растайтын табысы туралы жалған құжаттар жасап, оларды өтініштерге қосқаны белгілі болды", - деп жазылған құжатта.

Салдарынан қызметкерлер жұмыстан босатылғаны айтылды. Іс материалдары полицияға жіберілген. Ресми мәлімет бойынша қазір соталды тергеу жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!