Ресми мәліметтерге сүйенсек, кейінгі жылдары ажырасу статистикасы азайып келеді. Дегенмен түбегейлі жойылды дей алмаймыз. Отбасы ажырасқан жағдайда бала кімде қалады? Бұл сұраққа заңгер Гүлзат Instagram-парақшасында жауап берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, былтыр 12 ай ішінде Қазақстанда 128,5 мың неке тіркелген. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы 12 аймен салыстырғанда 8,4 пайызға төмендеген. Бұған дейін де ажырасу көрсеткіші төмендегені байқалады (2021 жылы - 34,4 пайыз, 2020 жылы 37,2 пайыз).
"Неке коэффициенті 1000 адамға 6,46 болады. Сондай-ақ, осы кезеңде 17,7 мың ажырасу тіркелді (соттың некені бұзу туралы шешімдерін есепке алмағандағы АХАТ органдарының деректері бойынша), бұл да 2021 жылғы деңгейден 8,1 пайызға аз. Ажырасу коэффициенті 1000 адамға 0,89 болады", - делінген Ұлттық статистика бюросы мәліметтерінде.
Заңгердің сөзінше, статистика бойынша ерлі-зайыпты ажырасқан 90 пайыз жағдайда бала анасында қалады.
"Бірақ заң алдында ата-аналар баланы өсіруге тең құқылы. Балаға кім жақсы тәрбие беріп, оның өсуіне жақсы жағдай жасай алса, бала соның тәрбиесіне өтпек. Кейде анасының ішімдікке салынуына байланысты әкелеріне беріліп жатады. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда анасында қалады", - дейді маман.
Алайда әке баласын әрқашан көруге құқылы. Осыған орай маман бірқатар кеңес айтты.
"Сот баланы анасында қалдырған жағдайда әкесі баланы көре алмайды деген сөз емес. Ол өз баласын көруге құқылы. Көп жағдайда әйел адамдар балаларын әкесімен кездестірмей жатады.
Осындай жағдайда әкесі баласымен кездесу уақытын белгілеу туралы талап арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Іс қарау барысында сот әкесінің қай уақыттан қай уақытқа дейін баласын көре алатындығы анықтап арнайы кесте құрайды", - дейді заңгер.
Ал бала ес білетін кезде өзі кіммен тұрғысы келетінін таңдай алады.
"Бала 10 жастан асса "Балалар құқықтары туралы" және "Неке және отбасы туралы" заңына сәйкес, өзінің кіммен тұратындығын таңдау бойынша пікірін айтуға мүмкіндігі бар. 14 жастан асқаннан кейін бала кіммен әрі қарай тұратынын өзі таңдау жасайды", - дейді маман.
Айта кетейік, бұған дейін ертеде қазақ әйелі қандай жағдайда ажырасуға құқылы болғаны туралы жазған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!