“Отанға сүйіспеншілік өз үйіңнен басталады“: Тоқаев жастарға үн қатты

“Отанға сүйіспеншілік өз үйіңнен басталады“: Тоқаев жастарға үн қатты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" акциясына қатысушылар алдында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Президент саябағындағы бүгінгі ағаш отырғызу шарасы ортақ игі мақсатқа жету жолында баршаның басын біріктіргенін атап өтті.

"Бұл, шын мәнінде, қоғамымыз бен жалпы еліміз үшін аса қажетті және пайдалы жұмыс. Баршаңызға мемлекет саясатын үнемі қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Мен осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санаймын. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы "Бір тал кессең, он тал ек" деген халық даналығын мысалға келтірді. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау - ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет.

"Бұл - бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған "Таза Қазақстан" жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша", - деп қадап айтты Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың алдында қоғамда жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру міндеті тұрғанын еске салды.

"Тағы да атап өтейін: бұл - мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. "Таза Қазақстан" - жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл - жай ғана ұран емес, бұл - шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз. Өркениеттілік, жасампаздық пен ілгерілеу ұғымдарының ластыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Бұл - өмірдің ақиқаты. Түптеп келгенде, бұл жұмыстың бәрі де өскелең ұрпақтың қамы үшін жасалып жатыр", - деді Президент.

Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясына қатысты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget