“Отандық өнімді ысырып, импортқа басымдық беруге болмайды“. Бектенов сауда желілеріне үн қатты

“Отандық өнімді ысырып, импортқа басымдық беруге болмайды“. Бектенов сауда желілеріне үн қатты
Фото: depositphotos.com

Премьер-министр Олжас Бектенов сауда желілерінің иелерін қазақстандық өнімге деген көзқарасты өзгертуге шақырды. Ол бұл туралы Үкімет отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қандай ескерту жасалды?

Үкімет басшысы отандық тауарлардан бұрын импорттық өнімге басымдық беруге жол берілмейтінін айтты.

"Халық тұтынатын тауарларды шығаратын отандық өндірушілер көп жағдайда сауда алаңдарына қол жеткізе алмайды, соның ішінде жалдау ақысы жоғары болуына байланысты қиындықтар да бар. Бұл ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін кеңейтуге кедергі келтіріп, оның бәсекеге қабілетін төмендетеді. Сауда желілерінің иелері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру құқықтық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес", - деді Олжас Бектенов.

Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бектеновтің тапсырмасы

Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, өңір әкімдіктерімен және "Атамекен" палатасымен бірлесіп, тауарлардың барлық санатын, соның ішінде жеңіл өнеркәсіп пен тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын отандық өндірушілерге сауда алаңдарын жалға алудың қолайлы шарттарын ұсынудың нақты тетіктерін әзірлеу тапсырылды.

"Нарықтан ығыстырып, орнын иемденгісі келеді"

Сонымен қатар, премьер-министр қазақстандық өндірушілерді негізсіз ақпараттық шабуылдан қорғау қажет екенін мәлімдеді.

"Қазақстанда өндірілетін танымал тауарларды, азық-түлік өнімдерін және кондитерлік өнімдерді қаралау үшін әдейі ұйымдастырылған ақпараттық науқандар тіркеліп жатыр. Мұның барлығының көздеген мақсаты бір: бәсекелестерді нарықтан ығыстырып, олардың орнын иемденіп қалу. Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, "Қазақстанда жасалған" ұлттық брендін ілгерілетуге, отандық тауарларды кеңінен дәріптеуге және оларды негізсіз ақпараттық шабуылдан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқан жүргізілуін қамтамасыз етсін", - деп тапсырды премьер-министр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget