“Отандық өндірушілер қашанғы өгейдің күнін кеше бермек?!“ Депутат министрге өткір сұрақ қойды

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке өткір сұрақ қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың сауалы ішкі сауда нарығын қорғауға бағытталды.

"Отандық өндірушілер қашанғы сауда желілерінің есігінен сығалап, өгейдің күнін кеше бермек?! Үкіметтен қомақты субсидия алып, майлы жіліктің басын мүжіп, мұрты майланып отырған ірі сауда желілерінің шетелдік азық-түлік өнімдерін төрге шығарып, отандық өнімдерге қырын қарауын қалай түсінуге болады?" - деп ашынды депутат.

Аманжол Әлтайдың сөзінше, қолданыстағы заңнамада сауданың барлық форматында отандық өнімге сөрелерде кемінде 30 пайыз орын бөлу талабы бекітілген, сондай-ақ, сауда желілерін субсидиялау арқылы бұл үлесті 50 пайызға дейін арттыру тетігі көзделген.

"Алайда іс жүзінде кез келген сауда нүктесіне кірсеңіз, шынайы көрсеткіш мүлдем басқаша. Қазір қазақстандық өндірушілер ірі сауда желілеріне кіре алмай отыр, ал кірген күннің өзінде олардың өнімдері төменгі сөрелерге орналастырылып, импорттық тауарлар көзге көрінетін жерлерге қойылады", - деді Аманжол Әлтай.

Мәжіліс депутаты тиісті министрліктен осы жағдайға байланысты нақты әрекет етуді сұрады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз