Отан алдындағы борышын өтемеген азаматтарға әскери билет беру ережесі өзгереді

Отан алдындағы борышын өтемеген азаматтарға әскери билет беру ережесі өзгереді
Фото: tengrinews.kz

Қорғаныс министрлігі әскери борышын өтемеген азаматтар әскери билет алу қажеттілігінен босатылатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Әскери борышын өтемеген азаматтар әскери билет алу қажеттілігінен босатылады. Оларды өндіру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді. Мерзімді Отан алдындағы борышын өтемегендер келіп, әскери билетін алып кетуі керек", - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Оның айтуынша, әскери билеттер жоғалған жағдайда айыппұл төлеу де алынып тасталады.

"Азаматтың жеке кабинетінде әскери міндеттіліктің мәртебесі болады, бұл цифрландырудың арқасында біз осындай нәтижелерге қол жеткізе алдық. Бұл екі бастама техникалық тұрғыдан іске асырылды, қазір заңнамаға сәйкес келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Дархан Ахмедиев.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміздің барлық өңірлерінде тіркеу науқанын өткізу проактивті форматта жүзеге асырылатын болады. Бұл азаматтарды медициналық куәландырудан өту, жеке істерін қалыптастыру үшін құжаттар жинау әскери комиссариаттарға жеке келу қажеттілігінен босатады және оқушыларды оқу үдерісінен шығармауға мүмкіндік береді.

"Сондай-ақ, бұл жаңашылдық жергілікті атқарушы органдар жыл сайын бөлетін 1 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеп, жұмысқа қабылдау учаскелеріне тіркеу куәлігін алу қажеттілігін жояды", - деді Дархан Ахмедиев.

Еске сала кетейік, осыған дейін әскерге кімдер шақырылмайтынын хабарлаған едік.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Алғабек